Өлеңдер ✍️

  09.05.2022
  125


Автор: Сабыр Адай

Сөнген шам

Балауыз шамды жақтың ба,
Жалыннан сырға тақтың ба?!
Тығылып жарық сəулеге,
Жат мында, жаным, жаттың ба!?
Шам солай жанып кетпекші,
Түбіне өзі жетпекші.
Азырақ жарық шашты да,
Содан соң бəрі еш кетті.
Сорғалап ағып біткен-ді,
Өзі де соны күткен-ді.
Бір сөнгесін жарығы,
Кім қайда, қашан тіктелді!?
* * *
Бозторғай не деп отыр боз құмдағы.
Даланың дамыл таппас өз мұндары.
Біледі кер даланың кемеңгері,
Үркінді, үлпілдеді, елеңдеді.
Қырғидай қылыш тұмсық тірлігіңіз,
Бірінен бірі қатал кіл күніміз.
Барамыз қызыл шеке жағаласпен,
Қарайды қорқау қорым, қара бас дөң.
Қолыма түсерсің деп кеңкілдейді,
Таспа алып табаныңнан ел тілдейді.
Жалған-ай от пен судан жаратылған,
Бір суып, бір өртеніп барасың жан.
Түтіні бұрқыраған өкпе-назбын,
Өлең жыр кімге керек, текке жаздым!
* * *
Еліңді сүйдің əлің жоқ,
Сүйгенде жанда қадір жоқ.
Өртеніп-жанып таусылып,
Құларсың көрді қаусырып.
Сүйген де елің қашқақтар,
Алыста жүріп бас сақтар.
Ақылсыз санап кемсінер,
Аяқтан салар жер шідер.
Бұлт үйіріп аспаның,
Табасы қанар басқаның.
Торығып жалғыз жүдерсің,
Алданып өмір сүрерсің.
Бəрібір тəтті өз елің,
Бар енді оған не дерің.
Сүйгеннен табар ажалын,
Сүрінген күні қазағым!
Сен жұттың жалған, əлайым,
Сүйген де ердің талайын.
* * *
Уақыт өлді көз алдымда қадірсіз,
Сезесіз бе ал осыны жаным сіз.
Есем кетті жас көңілдің өртінде,
Үміт алдап тұрмай кетті сертінде.
Шашылыпты рəсуа жылдарым,
Біліп жатыр өткен күннің кім мəнін.
Қарғап-сілеп қарға ұшты ғұмырын,
Бұлт боп көшіп бара жатыр ұлы мұң.
Құм шағылдан торғын сағым бұлдырап,
Өткіншісі əрбір жанның жүр жылап.
Боздай көшкен бота бұлттар жəудіреп,
Түсініксіз айтады сол əнді кеп.
Қайран уақыт желкеніңді түресің,
Пенде байғұс жимай кетер бір есін.
Езгілейсің бəрі сенің қолыңда,
Қанша тағдыр қалды зая жолыңда.
Себездейді күн сəулесі, таң нұры,
Енді қанша адамзаттың бар күні!?




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу