Өлеңдер ✍️

  09.05.2022
  164


Автор: Сабыр Адай

Жағымпазға өмір жоқ

Жол бергенді, төр бергенді білді ме,
Төбемізге қамшы үйірді күлді де.
Жата жастық бола қалу əркімге,
Атамыздан қалған əлде үлгі ме?
Сұрап кірсін босағадан қонағың,
Бастан кетпес сонда сенің оралың.
Дұға қылып жақындайсың қасына –
Тірі түгіл иесіне моланың.
Өзіңді өзің сыйлаттың ба, жарадың!
Ұясындай айбатты бол араның.
Жағымпаз бен надандарға өмір жоқ,
Кімді алдап күн көрмексің қарағым.
Жəреукеге, жəдігөйге бар ма сын.
Əдет қылма, Құдай басқа салмасын.
Кім мінбейді мойыныңды тосқасын,
Кім кірмейді қойыныңа алғасын.
* * *
Мен болып сүйсін мекенді,
Отансыз күнің бекер-ді.
Қалдырдық шетте біз байғұс
Ойнаған қатар, не теңді.
Балалық шақтан із қалмай,
Жүректің басы қызғандай.
Шет жерде өскен мұңдықпын
Өткеннің бəрін сызғандай.
Екінің бірі паршалап,
Келеміз мұңды арқалап.
«Ұлым !..» – дерсің атажұрт,
Құлаған күні шалқалап!..
Сөзден де күйе жаққанмен,
Желкеден жемсеп атқанмен,
Күн туса бізден жақын жоқ,
Ит-құсты басқа баққанмен.
Тəңірім салса не дерсің,
Қайғы мен мұңды шегерсің.
Шетте өскен жанның жүрегін
Шет жүрсең ғана сезерсің.
* * *
Болады күйші деп күліп,
Жетпесін жатар жеткізіп.
Шаттанған сол бір күйімнің
Ішегін кімдер кетті үзіп?!
Шүкірміз əсте аманбыз.
Асуын бермес заман құз.
Өнерге құштар ауылым
Біз мəңгі саған адалмыз.
* * *
Ел керек бізге, ел керек,
Ер керек бізге, ер керек.
Жең түріп асыр салатын,
Жер керек бізге, жер керек.
...Ел керек!
Бауырым қайда, бауырым?!
Өтті ме, əлде, дəуірің?!
Жат пиғыл мынау неғып жүр,
Жанымның қасып жауырын?!
Көрмегім келді, көз жұмдым,
Көңілдің отын сездірдім.
Жаныма менің тұз құйған,
Жаманын мына мезгілдің.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу