Өлеңдер ✍️

  09.05.2022
  132


Автор: Сабыр Адай

Періштенің тілегі

Біздің жырды біздің тілмен қанып іш,
Онда жатыр жарылыс.
Жырдан жұмақ жасап алып жатар ең,
Мөлдір сезім, төрт құбылаң сағыныш.
Құлын болып, қозы болып желіден,
Маңыраса жүрегіңіз еріген.
Гүл дүние бау-бақшасын ақтарып,
Бар қызығын бөліседі сенімен.
Өз қолыңмен ұстап көріп жүрегін,
Жылар едің бір өзің.
Тек қазақтың өлеңінен табасың,
Періштенің аппақ болған тілегін.
* * *
Алдымнан күлім қағып аяулым тұратын-ды,
Ауыл тұр қаңыраған.
Қажетсіз анау айың, қайтемін мына түнді,
Қарап тұр бəрі маған.
Сен жүрген мекен еді, сең көшіп бара жатыр,
Ағыстан теңселемін.
Телмірді темірқазық, жұлдыз боп қара да тұр,
Білесің сен себебін.
Үкілі қамыс көлде, үміттің назы қалды,
Жол түсті келіп кеттім.
Жалғыз тал өзің болып, жырымды жазып алды,
Қош айтып желіп кеттім...
* * *
Ұйқышыл көңіл қалғып жүр,
Оятып жүрген жалғыз жыр.
Емеген бұзау секілді,
Түртіншек неткен тағдыр бұл.
Маужырап жаның қалжырар,
Қартайтып көрге салдырар.
Іздемей кетті өзін деп,
Саялы бақ пен тал жылар.
Сүйегін тірі қақтады,
Сүйретіп міне тастады.
Жатақшыл көңіл жалқау-ды,
Тағы да қалғи бастады.
* * *
Қосынды сайлап қол бастап,
Көктемгі бұлттар жөңкілді.
Бұдан да артық болмас бақ,
Қаһарлы қысты өлтірді.
Қабағы жібіп тоң еріп,
Шапанын қағып ел тұрды.
Қосынды бұлтқа қол еріп,
Ұран да салып жел тұрды.
Ауылын жаздың сығалап,
Гүл майса көктем күлген-ді.
Қызғалдақ қырдан шыға ғап,
Бойжеткен қыздай түрленді.
Жаңарды өңір, жасыл-ды,
Мөлдіреп аспан тұр айна.
Қарашыл қаңтар басылды,
Шүкірлік қылдым Құдайға!
* * *
Тобылғы торы төбел күн,
Төбемнен қарғып көп өттің.
Өртенген мен бір өлеңмін,
Тағарсың маған не деп мін.
Ұштың да кеттің пырақ боп,
Жеті қат көкті аралап.
Мен қалдым жанған шырақ боп,
Жанымды үнсіз жаралап.
Күмбір де күмбір күймелі,
Күйікті күннен шаң қалған.
Көктоғай арман сиреді,
Аса алмай асқар заңғардан.
* * *
Айдарын тарап жел ескен,
Ай күнім қош бол, дүлдүлім.
Шығармас бізді ел естен,
Арқалап өткен жыр жүгін.
Күрең нар мен қылаң нар,
Сояу да кірпік қап-қара.
Нарларда қанша шыдам бар,
Сүрінсек кінə тақпа аға!?
* * *
Бірлікті ойлап дұға қылса құрлықтар,
Жаратқаным жан тілегін бір құптар.
Бірлікті ойлап таң атырып, күн батса,
Қолын жайып, көздің жасын құрғатса.
Ақ тілекке
Ақ періште гүл егіп,
Кең дүние жайқалып-ақ тұрмас па?!..
* * *
Не тілемес жамандардың ындыны,
Жазықсыз жан күйе берме біл мұны.
Талайлардың ақтан күйіп өртенді,
Əлпештеген құлыны мен құлдығы.
Жаман деген күліп жүріп өлтірер,
Тал бойыңа күйе берсең дерт ілер.
Жүрегіңді жүз парша ғып ластап,
Көкті айғыздап, тіліменен жер тілер.
Олар солай жамандықтан күш алар,
Сөздеріне жын мен шайтан тұсалар.
Жамандардың жүрген жері күнде өсек,
Қараорманды қара жағып бұталар.
Сен күйінбе Құдай берсін жазасын,
Тартқызады тексіз иттің сазасын.
Шаттана бер бір Алладан тіле де,
Істің қайыр, сөздің таңда тазасын.
* * *
Сайратса деймін тіл беріп.
Пенденің сыры əшкере,
Кім кетпей жатыр кім келіп.
Көлденең көрге тығылды.
Өзімшіл өңкей тағдырмыз,
Өкпесі ісіп сығылды.
* * *
Ай қайда мына түннің түрі сынық,
Қарайды қара шалдың ұлы шығып.
Түнеріп түннің көзі тұралады,
Қадалып қара көзден құн алады.
Жылтырап қоламтадан от қарықты,
Жанбыз ғой барға бейқам, жоққа күпті.
Ал міне, ай жоғалды көрінбеді,
Өткен түн
Өрттей жанып төрімде еді.
Бағасын білсем еді ай-көріктің,
Енді тұр айсыз қара қайғы өріп түн.
Білмеппін қолда барда ай бағасын,
Көңілім енді қалай жайланасың?
Тілейін неде болса есендігін,
Ертерек неге айтпадың көсем күнім.
Жоғалтпа қолда барда жарығыңды,
Жарықсыз жан біткеннің бəрі мұңды.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу