Өлеңдер ✍️

  09.05.2022
  132


Автор: Сабыр Адай

Арды қорғап, ажал іздеп барғандар

Өңкей ерлер біздің елдің шалдары,
Жан ұлтына жанын түйіп жалдады.
Еркек тоқты құрбандық деп əу баста,
Туғаннан-ақ Ту көтеру арманы.
Өңкей ерлер ер болғанда дүрлері,
Жауға бермес іргені.
Елді қорғау.., жан Отаны.., жан жұрты..,
«Елім!..» – дейді сөзге келсе тілдері.
Қайран Шалдар қара нардан қалғандар,
Намыс болып жанғандар.
Ойланбай-ақ отан үшін от кешіп,
Арды қорғап, ажал іздеп барғандар.
Біздің шалдар иман-шырақ жаққандар!
Иба қылып үнсіз ғана жатқандар.
Ұлтқа қорған ұрпақ болар ертең деп,
Ұл-қыздарын үміт етіп баққандар.
Біздің шалдар ерлігіңнің мектебі,
Алтын сүйек, текті еді.
Тəуелсіз Жас – Сен ұмытпа бабаңды,
Шындық іздеп шың басына беттеді.
Біздің шалдар қарлы сүргін көкбөрі.
Азуына айнала жау өкпелі.
Ер Шалдарым – Елдігімнің Атасы,
Көкбайрағым көктегі.
Есіміңнен айналайын Ерлерім!
Жолға шықтым ақ батамды бер менің!?
Атамекен!.. Атадəстүр!... Атажұрт!..
Саған жетер жерде кім?!
* * *
Тауды көрсең, аспанды да көресің,
Аспаның мен тауларыңа сенесің.
Сен адассаң ол шырақшы жолыңа,
Сұрай-сұрай тауға қайтып келесің.
Тау шығады атаң сынды алдыңнан,
Қандай мұра қалдырған.
Мынау дала сенің жерің қарағым,
Сен осыны жаныңмен сүй балдырған!?
Сен қаламай іс қылмасын жат жүріп,
Бозжайнағым, ботам менің ақ түбіт.
Ұры-қары ұялайды төріңді,
Дүние мас дертті болма асқынып.
Тау болсаң да көкке қарап басылғын,
Елді сүю – жан сусары асылдың.
Елсіз болсаң айға қолың жетсе де,
Иттен құнсыз екенін біл, бəсіңнің!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу