Өлеңдер ✍️

  09.05.2022
  125


Автор: Сабыр Адай

Сократ

Сократқа ажал ұстаз болыпты,
Дүние бос, адам қуыс соны ұқты.
Білмейтінін білген қандай даналық,
Мойындаудан басталады жаңалық.
Бар шындығын айта білді Сократ,
Білген жанға жалғыз шындық, осы бақ.
Өлмей тұрып мойындағын елесті,
Қайран жүрек қара тасқа теңесті.
Уын ішіп ғұмырыңның тым ащы,
Қанша тағдыр қайғы жұтты қыр асты.
Етегінен тістеп тартып сор күні,
Кетті езіліп кесек тектес бор мұңы.
Маңдайында қу тағдырдың оқ тұрды,
Із тастады...Оны уақыт жоқ қылды.
* * *
Сен күлесің... Мен де күлдім теңселіп,
Жүзің нұрлы – нұрлы жырдан бер теріп.
Енді, міне, моп-момақан жан болдық,
Бір ауылға сыймай өскен ерке едік.
Жанарыңда күн бар еді көктемгі,
Сол күніңе қолым жетпей кеткен-ді.
Сол жырың ғой қанатымды күйдірген,
Жақындама, қош бол, аға, жетті енді?!
Деп арудың кетті жүзі бұлттанып,
Есепшіл күн бір саусағын бүкті алып.
Ең соңғы рет бір бұрылып қарады,
Кірпігінен шық тамып.
* * *
Еркем менің күлгенің-ай, жүргенің,
Ерте көктеп бүрледің.
Үнсіз ғана еркелетіп жүруші ем,
Елігімді ұрлап кетті кім менің?!
Аға деген үнің қалды құлақта,
Кеттің шалғай, жыраққа.
Бір ауылдың көркі еді көздегі,
Көкем енді жылатпа?!
Тоңып кеттім, суық ойдан толғатып,
Болмағандай жүрген шығар ол да түк.
Ерге лайық ару еді шіркін-ай,
Алып кетті сорлатып.
* * *
Жүрегіне көп қорқыныш орныққан,
Біздің халық
Сыңар қанат құс сынды,
Жаратылған үрей менен қорлықтан.
Жүрегіне көп қорқыныш орныққан,
Біздің ұлтқа,
Мұның бəрі түс сынды,
Жаратылған үрей менен қорлықтан.
Жүрегіне көп қорқыныш орныққан,
Менің елім
Көз жұмады бəріне,
Жаратылған үрей менен қорлықтан.
Жүрегіне көп қорқыныш орныққан,
Біздің қазақ
Жетім көңіл əлі де,
Жаратылған үрей менен қорлықтан.
* * *
Аман атты
Тағы бір таң бал шуақ,
Бал шуақтан сімірейін тарту ап.
Көктеп жатыр, көк көрпеше, көпшік боп,
Көкорай көл, тал суат.
Жарық таңның жылуын-ай бөлек-тін,
Далам – анам, Мен дегенің – бөбекпін.
Ақ жанымнан ақ қауырсын жыр ұшты,
Еркелетті!.. Ендеше, Мен керекпін!
* * *
Мен жыр-жұмақ, Сен жайнаған үр едің,
Күй едің Сен күміс тиек күреңім.
Енді маған
Неге тыным бермейсің,
Не демексің, не берейін жүрегім?!
Сыбырлайсың сырың қанық, мұңдасым,
Көкке теңеп жүр дейсіңіз кім басын?!
Жүрегіме демеу болшы
Сен менің,
Өзім құйын, сезім күйін жырласын.
Қанатымнан қауырсын жыр үзіліп,
Дүниені болдық білем біз ұғып.
Көңіл қалған,
Өмір жалған өртеңгір,
Өкпелімін, қарамаймын қызығып.
Дедім дағы қылдым сосын шүкірлік,
Ия солай, ұттық, тағы ұтылдық.
Көрген көсем,
Білген есен жыр жазсын,
Соның бəрін, қанағат пен пікір ғып.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу