Өлеңдер ✍️

  09.05.2022
  170


Автор: Сабыр Адай

Болашақтың есесінен тойлама

Намыс бізді осы күнге жеткізген,
Ажал бізді көгендеген, көп тізген.
Тірі көрген тозағыңды ұлт едік,
Аршыл Алаш соның бəрін өткізген.
Өз еліңнің тағдырымен ойнама,
Есің барда еркелікті қой бала.
Өткен күннің төбесіне шығып ап,
Болашақтың есесінен тойлама.
* * *
Бурыл шашым самайымнан гүлдеді,
Қыздың демі үрледі.
Жиын-тойдан жинақталдым амал жоқ,
Сəл ертерек жүргелі.
Тойла-тойла, кезек енді сендерге,
Бір билейін кел, мен де.
Сенде мені түсінерсің бір кезде,
Самайыңа қырау бұлттар енгенде.
Жібер енді қалқам мені ірікпе,
Бұл да қызық жігітке.
Өртенеді жастық жалын лаулайды,
Не боларын біліп пе!?
* * *
Əй, қара жер, теңселдің бе, теңселдің!
Тауларым-ай түскені ме еңсеңнің!?
Арқасынан таспа тілген ала қыр,
Тағарсың ба келсем мін!?
Жүзің неткен жабырқаулы, аймағым,
Қайда сенің жеңісті жыр, байрағың!?
Сағыныштың көлі қалған сарқылып,
Ұмытқан ба?..Ұлы дəурен сайранын!?
Белесіңе бел жазуға келіп ем,
Бота боздап көп шағынды желіден.
Есі кетіп ерлер үнсіз қарайды,
Тілдесетін уақыты жоқ менімен.
Мен де сақау, үнім біткен қарлығып,
Тамағымнан арман шайнап, алды үміт.
Өзін-өзі қазақ алдап барады,
Жіліншігін жегідей жеп жарлылық.
* * *
Сүт бетіне қаймақ бітті тəп-тəтті,
Бөліп бердік болдық сосын жақсы атты.
Сүттен аппақ Атамекен, баба жұрт,
Ұстағанның қолында жүр бас қатты.
Қырдан астым қызыл керуен көрінді,
Ойға келдім ойым тоқсан бөлінді.
Босағадан басым шықты өксініп,
Əлде біреу алып алған төрімді.
Ұрпақ тұрды көздің жасын жасырып,
Дұшпан жүрді иесініп, масығып.
Қыдыр көрген ауыл едік əу баста,
Жұрдай болдық соның бəрін қашырып.
Қайран менің баба жұртым керегем,
Шыдам біткен шалғайыңа не деген.
Сенің аппақ рəсуа көңілің,
Кім бар оны елеген?!..
* * *
Көк найзағай – дойыр қамшы ет тілген,
Кімдер қалды тектіңнен?!
Жасын түсті ақ қайыңға, терекке,
Түспегенде... Бізге қайың керек пе?!
Қай жақсысын қорғап еді орманның,
Шығып еді сен қол беріп, сордан кім?!
Батырғаның, шапқандарың бар, білем!..
Қарағай мен қайың өлді алдымен.
Сенің қолың тек өзіңді өлтіргіш,
Жүрегің тас, көркің қыш.
Жағаласып ауыр оймен жемсеніп,
Алпысқа да аяқ бастық, еңсеріп.
Бұрынғыша өзгермедік, ұмтылып,
Қойынына əркім қанжар жүр тығып.
Бұрылдың ба көк желкеңді қандайды,
Аяғыңнан шалмай тыным алмайды.
Көк найзағай сенің ісің, қимылың,
Дауыл менен жел қолында құйрығың.
Орындайсың жаттың ғана бұйрығын.
* * *
Түн серісі едік біздер ай баққан,
Езуінен сорғалаған қаймақ таң.
Күз келгесін бұлт қақалып жататын,
Май қапқан.
Əн салғанбыз əндемесін қайырып,
Əнім кетті жайылып.
Бізден қалған əн сарқытын ішіп ап,
Таулар жатты ақ жаңбырға шайынып..
* * *
Қырау қатқан тереземнің өрнегін,
Өз көзіңмен көр менің.
Қаңтар келді ақ кебінін төсемек,
Қара боран буындырды өлмедім.
Тентек екен қыс бораны бұрқылдақ,
Үй сыртынан тұр тыңдап.
Бұл неғылған өзімшілдік, өктемдік,
Сақалың мұз, мұртың жат.
Кең дүние қатып қалған сіресіп,
Аяз апам жүр есіп.
Жалғыз жортып жолбарыстай айқасып,
Жолға шықтым күресіп.
(...Туған елде ашылар деп бір есік)
* * *
Біздің мекен құла түзде, құм белде,
Құм басады бір демде.
Мендік жанның жұмағы еді бұл дала,
Ұнамайды кімдерге?!
Біреу үшін жанған от қой түз мекен,
Қайдан табам іздесем.
Құйын болып еркелейді құмдары,
Тілін нең бар білмесең.
Құмдарын-ай, тұздарын-ай бал сынды,
Күлшесін-ай шаң сіңді.
Қалай салам табаныңның астына,
Кием ғой ол, қан сіңді.
Жүрегім ғой, бүлкілдеген қан тамыр,
Тамыр салды қанша гүл.
Ай жырласам айтқан сөзім жетер ме,
Жетпейді оған барша жыр!
* * *
Жерге сап бал жанарын бар білері,
Кешеде көздерінде зар жүр еді.
Бармағын бал ұстаған сорып отыр,
Жоқ жылап, жоғарыда бар күледі.
Шыдамның шырылдаған торғайлары,
Кіршіксіз кірпігіне сор байлады.
Бəрі де өзіңе аян жұртым менің,
Тірліктің таусылмайтын сол майданы.
* * *
Киік көрдім кірпігінде қаны бар,
Тек əйтеуір жаны бар.
Көзін қара жанарына жас толған,
Сахараның сары қауыз таңы бар.
Үміт өлмес, шығар жанға асылып,
Тағдыр жатыр басылып.
Қара қанжар алқымынан алғанда,
Қызыл моншақ кетті өмір шашылып.
* * *
Аққулар қайда кетті сұңқылдасып,
Аққусыз айдынымды тұр түн басып.
Қайтесің сұрай беріп, жылай беріп,
Аққуға болған жандай бір Сіз ғашық.
Əркімнің өз қызығы, өз кемелі,
Осыны жастай жаным сезген еді.
Қаншама айдын болып шалқысаң да,
Аққусыз қалатұғын кез келеді.
* * *
Өз елімді қызғанды да сұм атты,
Ту желкемнен құл атты.
Қанша жанды тағдыр құрсап жат жерде,
Қанша жанды қайғы шалып құлатты.
Өз бауырың, өз қандасың, жақыным,
Атқан құлдың аты кім!?
Көкаттымен көкек түріп көріп жүр,
Атажұрттың тақымын.
* * *
Көз аласын көңілінен көргенбіз,
Көріп тұрып, бəріне де көнгенбіз.
Етегінен ит тістеді екен деп,
Құламайды өрден құз.
Таласпасын, өз тағдырын тыңдасын,
Өлеңім өрт, өзегім дерт, жыр жасын.
Ақын деген періште ғой алғаусыз,
Сыршыл жүрек сырласың.
Асыл жанды ай тербетіп, күн бағар,
Кеудесінде бір Тəңірлік үн болар.
Талай жібек шұлғау болды табанға,
Талай жібек жүн болар.
Құрбандығы, барлық бақыт, қайғының,
Тарылмасын ақыл-мұхит, айдының.
Өз итің ғой енді амалың жоқ күнім,
Ит те болса – байлығың!..
* * *
Жел бастанған ырық бермес ындыным,
Өлең іздеп шөлдедің бе шын бүгін.
Көңіліңнің көпке көрсет шырайын,
Құдай өзі біле жатар құл мұңын.
Ет желіні сарқылғандай даланың,
Есі кетіп езгілейді қара мұң.
Сағым қысты, жалын құшты бір торғай,
Əнмен буып өлтіріпті тамағын.
Жаназасын жан құсымның салдырып,
Торғай мұңнан қан қауырсын қалды үміт.
Алда абыз,ізде ізетшіл көп іні,
Өз сорына келеді əне шалдығып.
Күзем келді күздің басы сары алтын,
Бозторғай мұң, боздау ғұмыр жаңарсын.
Мені тастап қаздар қайда барады,
Мергендерден сыбағаңды аларсың.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу