Өлеңдер ✍️

  09.05.2022
  131


Автор: Сабыр Адай

Құлын мен құла бие

Құлын шапты құла бие зірледі,
Не істерін білмеді.
Əй, құлыным, алыс барма, кері қайт,
Қыр астында қырық бəле жүр деді.
Құлын шапты құлын шақ-ты, аңғал-ды,
Көрмек болды бар маңды.
Ана байғұс жүрегімен сезеді,
Қырық бəле қыр астында жалманды.
Құлын шапты, құлын шақ-ты, бөбек-ті,
Құлдырады табанынан жер өпті.
Қырық бəле қыр астынан ұстап ап,
Қызыл қанын құлыншақтың көл етті.
Құла бие құлап түсті шырылдап,
Қайғысынан қара қарға жүр ұрлап.
Барлық бəле осыменен кетсін деп,
Биені де сойды Иесі ырымдап.
* * *
Ұл өсірдік, қыз ұзаттық жат болды,
Жат есікке бақ болды.
Қонақ қой деп қан жылайды жүрегім,
Қанша маңдай кер тоқпаққа тап болды.
Ойлай берсең бұл дүние кем күндік,
Ару кімдік, біле алмас ер кімдік!?
Айналайын, аман жүрші құлыншақ,
Бола көрме, сен мұңдық!
* * *
Қоңыр үн, қоңыр қобыз көргеніміз,
Көп алған төрдегіден өрнегіміз.
Жөн болар біздің сөзге құлақ асып,
Көңілді біразырақ бөлгеніңіз?!
Тіл қатты қара қобыз қамыққандай,
Тарлығын заманының танытқандай.
Бұл күнде қобыз да жоқ, қоңыр үн де,
Адамды адам сыйлап жан ұққандай.
Өткенді шаммен іздеп жүрміз міне,
Кезінде кешіп жүріп алып қалмай.
* * *
Қабағында мұз жатты, төбесінде шың жатты,
Кеудесі де бір қап-ты.
Əңгімесі тым əріден ырғақты, сымбат жатты, сыр жатты,
Төбелеске бергісіз əзілі де тым қатты.
Сақалында күннің күміс табы бар, намыс пенен ары бар,
Сөздерінің бірі шекер, бəрі нəр.
Біздің елде құлжа тектес құздағы, жан бақшасы-жыр бағы,
Өмір сүріп келе жатқан Кəрі бар.
Сол кəрінің айтқаны хақ, сөзі нық, батасында шуақ бар,
Ниетіңмен құлап бар.
Адастырмас алты алаштың баласын, ескісін де жаңасын,
Сөнбейтұғын шырақ бар!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу