Өлеңдер ✍️

  09.05.2022
  106


Автор: Сабыр Адай

Ақ төр

Мынау мінбер əркім мінген ат сынды,
Кімді, сірə, жатсынды.
Талай шешен шер-қалтасын арқалап,
Төрге шықты, ақыл айтты тапсынды.
Мынау мінбер нысанасы елдіктің,
Барлық жанға жол бересің, сендік мін.
Тұғырына айналатын күн бар ма,
Ерлік пенен Елдіктің!
Мынау мінбер біздің асыл ұлттан-ды,
Шығармашы құлдар менен құтпанды.
Осында əкеп түнетсең де өзің біл,
Ұлттың жанын ұққан-ды.
Қыдыр баққан төр киесі сүттен-ді,
Төр иесін күткен-ді.
Ауыздының бəрі шықпақ төріме,
Əдеп-иман, ар-намысым үптелді.
Ауыздының бəрі бірдей адам ба!?
Сөз не керек наданға.
Адал сөздің алқымында көп пышақ,
Ал құшақтар жайылады жаманға.
Мінберіңді, ақ төріңді бастырма,
Жаудың жағын аштырма!
Өгей ауыз өлтіреді сөз берсең,
Жақтыр, мейлі, бұл сөзімді жақтырма!
...Ақ төріңді бастырма!
* * *
Сен тұрған жер күннің шығар тұсындай,
Сегіз жұмақ құсындай.
Қандай жанның алақаны өзіңді,
Ұстап жүрген ұшырмай.
Сен тұрған жер бақшасындай бар гүлдің,
Алғысымды ал құрбым.
Қарашығым ішіп алды жүзіңді,
Жүрегіме елесіңді қалдырдың.
Сен тұрған жер кіндігіндей бақыттың,
Сұлуларға ғашықпын.
Сен бар жердің барлығында жанартау,
Жалынына күймек болып асықтым.
* * *
Шөгермесін киіп алған бөктер-қыр,
Жанарымнан өпкен нұр.
Осы бір жыр шықпай қойды кеудемнен,
Қырды аңсап көптен жүр.
Сағынады сары құмды, ақ сорды,
Шемен болды, шерлі жырым тас болды.
Мен барып ем бөктерлерім бөледі,
Əлдиледі екі көзі жас болды.
Жылап тұрды өз құлынын таныды,
Іздейтұғын бар ұлы.
Мен өзіңді іздеп өтем жалғаннан,
Екі көздің жабылғанша жарығы.
* * *
Көк аспанның айтары бар толғатпақ,
Қара бұлт боп қабағына сор қатпақ.
Жұлдыз түйме, күннен шашбау тағатын,
Енді, міне, айдан сайғақ орнатпақ.
Сайғақ қылып айды тағып жастанып,
Оның сырын, таудан сұра, тастан ұқ.
Аспан көшіп бара жатыр алыстап,
Бір құпия асығыстық басталып.
Аспан көшіп бара жатыр тарылып,
Кеңдігінен, өрлігінен жаңылып.
Соның бəрін жатыр айтып сыр қылып,
Бізден басқа мақұлықтың бəрі ұғып.
* * *
Ақылдырақ болшы дейсің жан ағам,
Ескіліктен іздеп тұрмын жаңа мəн.
Осы қырат, осы белдеу, таз төбе,
Дəл осылай бабам жұлдыз санаған.
Үркер көрген, құс жолымен аяңдап
Бізге кеткен баяндап.
Есі кеткен ұрпағы тұр мінеки,
Таз төбеде иекке қол таянбақ.
Таз төбеге талай шығып ойландым,
Ойлай-ойлай ойлауды да қойғанмын.
Таң да қиял, күндіз ұйқы, кеш те мұң,
Өзгермейтін қу тірлікке тойғанмын.
...Ойланғым келмейді,
Ойланғым!
* * *
Не табасың ақ парақтан жан кештім,
Өлең тыңда, жанарыңнан əн көшсін.
Не бермегі бар дейсіңіз ұрпаққа,
Мəңгі жады, мəңгі естің.
Адамзаттың жалғыз соғыс жадында,
Ақ парақтан қайғы жұтып қағынба!?
Бекіредей бел шешпексің ғылымға,
Қарсы жүзіп ағынға.
Жан кештілеу сапарыңның нұрлысын,
Ардың ісі азапшыл ғой, біл құсым!?
Бар, бара ғой, бата бердім аттанғын,
Неде болса аттанғалы тұрмысың?!
Мұхит кешіп бара жатсың қайықсыз,
Алақанын берді бата жайып құз.
Сен құрбандық біздер тойдың иесі,
Тойсыз мұңды, ал ғылымсыз майыппыз!
* * *
Есігімнен қыдыр қарап көлбеді,
Іздеп келдім мен деді.
Кел, келе ғой, бақытымның бұлағы,
Аңқам кепті, шөлдеді.
Маңдайымнан нұр боп келіп аймала,
Тəңір қолдап жүріп келем қайда да.
Қыдыр Бабам өлеңімнің парағын,
Орап алып кетті күліп жəй ғана.
Біздің жырда қыдыр да бар, қыр да бар,
Сыны кетсе, сырлап ал.
Əлəй қазақ əз дəмінен мастанар,
Біздің жанда балдан тəтті жылға бар.
Ат арытқам, тон тоздырғам, ел көргем,
Басылған жоқ дос-дұшпаннан өр кеудем.
Əр Қазақтың жүрегінде Мен бармын,
Менің жаным тумай тұрып Сендермен!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу