Өлеңдер ✍️

  09.05.2022
  127


Автор: Сабыр Адай

Қаныш

Шекелігі –
Таудың бұжыр тасындай,
Ақ маңдайы – алапат бір құрлықтан, бізге жеткен асылдай.
Əр сөзінде:
Заман тулап,
Жер қайысып ыңырсып,
Өтті ғұмыр, ұлтқа ұран боп жасындай.
Біздің Қаныш!..
Қаныш енді,
Біздікі!..
Алтын əдіп, күміс оқа жан еді, ердің қымбат қасындай.
Қазиналы,
Қара жердің,
Бағбаны,
Жалғыз өзі жарқыраған ғасырдай.
Тау тұлғасы,
Ерен екен
Есіл ер,
Қалай жатыр жанартау боп атылмай!?..
Міне, Қазақ!
Біздің халық,
Біздің ұл!
Өзің жайлы көңілде көп жүрді жыр.
Жан Алланың
Бізге берген
Бақыты,
Тек мақтансын, мақтай білсін, құлды құл!
Əр тал шашы,
Ер Қаныштың,
Елдікі,
Болмысына салып алған қазағын,
Күн секілді жарқырайды, өзі тартып азабын.
Сен Қаныштай ұлды тудың
Ер Алаш,
Алтын құрсақ – қазағым, қазағым!
Қаныш Атам!..
Ұлтың үшін қара таспен тілдестің!
Білдің бəрін, білместің.
Жаудың көзін
Жақұтпенен байладың,
Заман салса зауал кешіп жүрмес кім?!
Дүниеге
Қазақ барын ұқтырып,
Біліміңмен мыңды жықтың тік тұрып.
Аз халықтың
Қаныш тектес ұлдарын,
Жаным Алла, жарата гөр мықты қып!?..
...Есіміңді
Тағып өстім жүрекке,
Қыдыр баққан құт біліп.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу