Өлеңдер ✍️

  09.05.2022
  132


Автор: Сабыр Адай

Халқыңды сүй, Құлыншақ

Қария қалды,
Қарғашым деді,
Арманың неткен биік деп,
Қаусаңдап келіп қапсыра құшты сүйіп көп.
Содан да бері,
Қаншама сапар шектік біз,
Қураған мола,
Құба дөң,
Басымды тұрмын иіп кеп.
Иманы кəміл,
Қарттарым,
Туған ел еді көрмегі,
Заңғарларым-ай қайтейін заманның болған ермегі.
Мойынға құрық ілдірмей,
Жер асып шалғай,
Тарпындың,
Құрсаған оттың құшағы бостандық бірақ бермеді.
Ақ батаң қалды есімде,
Атажұрт шалғай,
Көңіл дерт,
Бала едік балғын, сəби ек, ер жеттік жүрек егілмек.
Ауылдың іші абыздар,
Сағыныш толы,
Сары мұң,
Əкеммен бастас шалдарым дұға ғып келдім Сені іздеп.
Қағида көрген қарттарым,
Халалдан сөйлеп,
Шын жылап,
Сарқылды қанша жат жерде, сағадан өліп мың бұлақ.
Жалғанға біздер өгейміз,
Не дейміз,
Басқа, не дейміз,
Шідерлі шалыс тұсаумен бір тұрып келем, бір құлап.
Көріп те тұрып көрмедім,
Естіп те тұрып,
Естімей,
Жүректі кетті жазықсыз жан алғыш сөздер кескілей.
Қаншама «дүрлер»
Ұрынды,
Сақалы менен су жағып, мүйізбен түрткен ешкідей.
Молаңа келдім,
Түнедім,
Ауылдың қарты Абызым!
Түн ауды салып таң ізін.
Анаммен бастас ақ жаулық,
Аналар жатыр,
Ақ уыз,
Өмірден мынау өткенше өлең қып кету парызым.
Солай да,
Солай,
Соқпақ жол,
Созылған сіңір Шерліміз!
Қол жайып бата бермекпіз, құлыншақтарға енді біз.
Жалаң да қылыш
Жау менен
Айқасқан арыстандарым –
Төлежіп шетте төбе боп, жастанып жатыр жерді құз.
...Қанағат барға қыларсың, бата бермекпіз, енді Біз!
Құлыншақ қайда!?..
Құлыншақ!
Арманшыл, қане, қайсың бар, шалқыған отқа жылынсақ.
Дəуірдің сыйы
Қаншалық,
Заманның тілі не деп тұр?..
Күн менен түндей ауысар, бола да бермес ғұмыр шат.
...Қазақты қазақ құшақтап, ақ тілектерден жылынсақ.
Халқыңды сүй, Құлыншақ!!!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу