Өлеңдер ✍️

  09.05.2022
  156


Автор: Сабыр Адай

Өлшеулі өмір

Жүрегім жаным күйгесін, отымды бастым жырменен,
Жарамды жаздым тілменен.
Халықты сүйдім жаным деп, жан болып көшкен сағым деп,
Хал сұрап жатыр кім менен.
Қансырап жатыр жан-мұңым, хал сұрап келер бар кімің!?
Хабарсыз кетіп қалды інім.
Ағаның алды тас түйін, достың да көрдік шарғасын,
Жырлашы жүрек зарлығым.
Елесі қайда бал күннің, енесіз қозы мен бе екем,
Өткенге барып келмесем.
Сен де есен болғын жан елім, жанымның мөлдір тамшысы,
Тағдырға болмас ермесем.
Болмаймын дедік тағдырға, асаудай жұлқып тарпындық,
Қайнай да қайнай сарқылдық.
Жазмышын көрмес жан болмас, озмышын көрмей ер өлмес,
Өлшеулі өмір бар сіздік.
Жұмекен менен Мұқаңнан, мұң қалған дейді көңілім,
Кезерді, кепті ерінім.
Келмеске кеткен ақындар, керелеп ішіп қайғысын,
Сезімі кімге керек-ті сергелдең болған серінің.
Ай батып кетті ақырын, күн шықпақ, міне, таң асыл,
Жаңа күн деген жаңа сыр.
Сəулелі күннің жарығы, оны да бізге көп көріп
Бұлт қаптап алды қара сұр.
Қап, қара бұлттың көзінде, ақ күміс жасын ойнамақ,
Озмышын ол да тойламақ.
Төлеген кеткен Төлешім, Махамбет кеткен маздағым,
Аспанға бір сəт қой қарап?!
* * *
Жанып түсті көктен ғайып бір жасын,
Тосады енді кім басын!?
Бұлт ыдырап қашып ала жөнелді,
Неде болса шыңға сын.
Шың құлады шыңғырысып тастары,
Құз жарыла бастады.
Ай күлшесін түн қолтықтап шығынды,
Тураған ет туған елдің аспаны.
Барлық бұлақ желінен сарқылмақ,
Жанартаулар жарқылдап.
Жəй оғындай көк найзағай бұл ғұмыр,
Сəл аялда, ғұмырыңның артын бақ.
Тас төбесін балғалады тас қырат,
Шықылықтап асты бақ.
Маңыратып көз көрекі жөнелді,
Қозы күннің сирағынан қасқыр ап.
Ала теңбіл, қара жолақ барыс түн,
Сенің бейнең таныс тым.
Арыстанның ауызына түскендей,
Тағдырыммен тажал сынды алыстым.
Барлық аза жырға айналып төгілді,
Таң күледі не білді?!
Көңілімнен мың шағала шулады,
Кірпігіне тамшы жасты ер ілді.
Қызыл қиғаш, қызғыш күннің айдыны,
Келсеңіз де қай күні.
Қанағаттан қайыр іздеп өлу ме,
Не сонда, ал, бұл тірліктің байлығы!?




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу