Өлеңдер ✍️

  09.05.2022
  126


Автор: Сабыр Адай

Қос үрейдің қаңбағы

Кім намыссыз
Арба жеккен есектей,
Лақтырылған қара жолдан кесектей.
Желкесіне жентек қылып мініп ап,
Ноқтасынан жетектей бер, жетектей.
Ұлға керек, ұлтқа керек сол намыс,
Арлы болу, намыс қорғау ол да күш.
Өмір деген өзен сынды өршіген,
Қайда салсаң сонда ағады сорлы ағыс.
Ағыспенен кетіп жатыр кемді күн,
Бұрынғыдан көп өтірік ендігің.
Арсыз халық болмақ емес бақытты,
Ар-намыстың қаныңменен бер құнын.
Жаныңды түй,
Ұрпағыңды арлы қыл.
Арсыздықтан бодан болып қалды құл.
Арлысың ба, зарлысың ба білмедім,
...Ар-иманнан жүрегіңе жарлық іл.
Қайталадым,
Осы сөзден танбадым.
Қуып келем қос үрейдің қаңбағын.
Жаратылған күдік пенен үміттен,
Суға кеткен жандай талды қармадым.
Батыр бабам,
Қорым біткен ерлерім.
Дүниенің дүбірлеткен шеңберін.
Жүрегімде əр қазаққа орын бар –
Жан отымсың жарқыраған сен менің.
Намыс баққан елден сұра бақытты.
(Жолдас қылма жолға шықсаң жасықты.)
Ұлтқа тұлға қылғанменен оңбассың,
Уызында жарымаған пасықты.
* * *
Дамылдап дауылдан соң бағбан қалды,
Бұйыртпай бұл күздегі талдан дəмді.
Үңіліп сығалайды қатын-бала,
Қарамай өте шықты əкім ғана.
Бай-манап дауылдан соң қарқылдады.
Бағбанның бар үміті сарқылды əні.
Құшақтап көк төбетін күбірледі,
Селкілдеп екі иығы дірілдеді.
* * *
Күйікті жан көзін сығар жер тапса,
Күйікті ел шағынады ер тапса.
Ер намысын суарады қанына,
Елдің мұңын құйып алып жанына.
Шырақ жағып шындық іздеп ұмтылар,
Ақиқаттан тағып алып бір тұмар.
Ел еңсесін ерге еріп тіктейді,
Заман ауар күтпе мейлі, күт мейлі.
Ер қалады бір қуыста қансырап,
Келмес оның хал-жағдайын жан сұрап.
Қайран ердің сосын көзі жұмылар,
Бірақ елден басқа оның кімі бар!?..
Елің үшін отқа басты сала жүр,
Дегенменен кебініңді ала жүр.
Жеңіс туын алып бер де көрінбе,
Өлгің келсе абырой мен төріңде.
Ерлер керек жау кеудесін кергенде,
Жау кеткесін Ерлер де бір шерменде.
Қайыр жаса, қайғың болса жасырғын,
Көрінбеуі асылдығы асылдың!
Күн жанады өзгелердің бағы үшін,
Туған елдің бере көрме намысын.
Ай кезеді қара түнді жарық қып,
Көрер көзге жүрер жолды таныс қып.
Ер намысы елге шырақ жарық-ты,
Пайғамбар да үмбетім деп қамықты.
Сүйегіңді суса қылса көнерсің,
Ер болған соң еліңді ойлап өлерсің.
Торғай байғұс кер бұтақтан таң асты,
Ұясы үшін қорғайды ол ағашты.
Ұлың аман болсын десең қасыңда,
Ұлт бақыты болсын дей гөр, басында.
Ұл-жолаушы, ұлт-кемесі сапарда,
Кеме батса ұлдың таңы атар ма?!
* * *
Бас мұңымыз өлең болды, жыр ғапыл.
Жыр ішінде жыртық шапан тұр ғасыр.
Ұлтым менің қара өлеңнің құлыны,
Өлең мұра, қызға сырға, ұлға сыр.
Арбашыдай қалғып-мүлгіп қартайған,
Жау жағалас қу тірліктен əр тайған.
Өлең ғана жанға шуақ қарағым,
Шыныменен енді одан тарқай ма əн.
Құлап жатыр, өліп жатыр, өкіріп,
Өгіздейін өз қадірін кетіріп.
Уақыт деген жан алғыш қой жаным-ау,
Бізді айдап келе жатыр жекіріп.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу