Өлеңдер ✍️

  09.05.2022
  149


Автор: Сабыр Адай

Ер Шабай

Оба төбе онсанды,
Қара төбе мыңсан-ды,
Айқайлап едім қыраттан, шыңғырып айқай шың салды.
Түсімде маған көрсетті,
Ер Шабай деген бір шалды.
Құрсанып алған сауытпен,
Қатер де кешкен қауіппен,
Батасын беріп бүгінге, кешегі күнді толғады.
Таң атқанша сол үннің,
Тарқамай кетті толғағы.
Атажұртты сақта деп,
Таптата көрме жатқа деп,
Көкмойнағын көсілтіп, ғайыпқа сіңіп жөнелді.
Ер тұрған жерден еңкейіп,
Алдым осы өлеңді.
* * *
Пайдасы не,
Дана тудың данышпан.
Ит көп болса данышпанмен алысқан.
Өзің туған адал ұлды қорлатып,
Меншіктесең мекерлерді алыстан.
Жақсыға сөз жаннан дəру, тілден дем,
Өз жақсысын өзгелерге кім берген!?
Иттен сіздің айырмаңыз қай жерде,
Бір жүрсеңіз иттіктерін білгенмен.
Талап жатса,
Жазықсызды дананы.
Бірге жүрген көп иттерің манағы.
Салпаң құлақ қоғам құрып алдық біз,
Қабылдаймыз деп жүргенде жаңаны.
Ескі деген ескі бесік секілді,
Талай ұлды ер жеткізген кекілді.
Тамырыңа балта шаппай гүлденгін,
Есті ұлттар міне солай жетілді.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу