Өлеңдер ✍️

  09.05.2022
  109


Автор: Сабыр Адай

Үмітсіз қылма

Жан Алла жанды жараттың,
Жан бердің бойға тараттың.
Сүрініп басып келеміз,
Тəубасы қабыл қазақпын.
Құлыңбыз біз де үмітті,
Үмітсіз қылма жігітті.
Сағыныш бар-ды кеудеде,
Іздеген шексіз Ұлықты!
* * *
Қадіріңді ел білмеген ер едің,
Сұладың ба терегім!?
Сенің кеудең алтын сандық еді ғой,
Əркім алды керегін.
Құның қанша Құдай білер жаратқан,
Жетті саған азат таң.
Өзі туып өзі сені өлтірген,
Құтылдың ба қазақтан!?..
Тыныстағын, енді жүрек тоқтайды,
Қазекеңде қан қақырып жоқтайды.
Сонда да сол өздерінен көрмейді,
Бірін-бірі соттайды.
...Бір байғұсты нысанаға іліп ап,
Соған қарай мылтықтарын оқтайды.
* * *
Кімдер шындық, кімдер өлі, кім елес,
Өтіп жатыр бір елес.
Күн қашады бетін басып батысқа,
Кірпігіңді түн созғылап ілегеш.
Қалғып тұрып, мүлгіп күліп, аттанып,
Бір-біріне үрке қарар, сақтанып.
Тақ қасында, бақ басында жандар жүр,
Маңғазданып, мақтанып.
Бір сорлының көз жасы да сарқылған,
Қайыр сұрап қол созады артыңнан.
Қайран өмір ала-құла кіл ғапыл,
Адастың ба пайым менен парқыңнан.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу