Өлеңдер ✍️

  08.05.2022
  126


Автор: Сабыр Адай

Алтай тауына барғанда

Алтайдың тауы ақ бесік,
Бұл күнде жүрген жат көшіп.
Ту ілген жерге қунап көп,
Ту биесі тулақ боп,
Қонысым саған зарықпын,
Қазақ та деген халықпын.
Алтайым – аппақ жөргегім,
Əріден салған өрнегім,
Шаршыңа шығып өрледім,
Шатыр да тігіп төрледім,
Қонысым саған зарықпын,
Қазақ та деген халықпын.
Түп атасы тұлпардың,
Дүбірлі күнге іңкəрмін.
Қайғы боп бастан бұлтардың,
Қайырып үнсіз ұлтардым.
Қонысым саған зарықпын,
Қазақ та деген халықпын.
Алтайдың тауы аршалы,
Арбайды сұлу баршаны.
Жанымның ару аңсары,
Жау құшып сені тамсады,
Қонысым саған зарықпын,
Қазақ та деген халықпын.
Қар жамылған ала шың,
Алаштың білдің шамасын.
Көзіңнің сүртіп қарасын,
Көңілге бұлау саласың,
Қонысым саған зарықпын,
Қазақ та деген халықпын.
Жəудіреген ақ марал,
Ақ маралдан жоқ халал.
Халалды сүйсең ақтап ал,
Қапыда салды жат қамал.
Қонысым саған зарықпын,
Қазақ та деген халықпын.
Дегені болмас пенденің,
Айналса көктің шеңберін.
Кербез де керік кермелім,
Сен шүбəсіз, мен де мін.
Қонысым саған зарықпын,
Қазақ та деген халықпын.
Көкпенен шалғай таластың,
Көп сорлаған алашпын.
Қаншама жаумен жанастым,
Қаншама жолдан адастым,
Қонысым саған зарықпын,
Қазақ та деген халықпын.
Қош аман бол, ақ шыңым,
Жоғалтып білдік бақ құнын.
Терең бір ойдың тап түбін,
Тебіреніп жат күнім!..
Қонысым саған зарықпын,
Қазақ та деген халықпын!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу