Өлеңдер ✍️

  08.05.2022
  123


Автор: Сабыр Адай

Майлыбай ағаға

Таң атты бірақ күні жоқ,
Біреулер бар да, бірі жоқ.
Өлінің елі тұрақты,
Өмірден көшпес тірі жоқ.
Таң менен талас құлапты,
Алладан иман сұрапты.
Азамат ердің сойы еді,
Біздерден ол да ұзапты.
Елесі қалды санада,
Қош енді, қош бол, жан аға!
Сырласып жүріп сыйластық,
Шайтан да түспей араға.
Білмедік қанша таң барын,
Білеміз шығар жан барын.
Сауапты жерде көп жүрген,
Құлы едің адал Алланың!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу