Өлеңдер ✍️

  08.05.2022
  169


Автор: Сабыр Адай

Есірдің күйі – «Ақжарма»

Ақжарма күйдің ағыны, ойнаған от пен жасыннан,
Сарқырап саумал қасымнан,
Саусаққа көзім маталып, сағыныш толған кеудеммен,
Көңілім күпсіп тасынған.
Епіршік үріп нұр іштім, сабасын күйдің сапырып,
Ақжарма көңіл жасымнан.
Ойрандап Патша1 орданы, əлсіздің күні сол-дағы,
Дұшпаным болды олжалы.
Құрымға орап құл қылып, күлге итеріп күң қылып,
Жол бастатып зорлады.
Атанның жүгін арқалап, атамның мұңын дерттедім,
Жан сазымды шерт менің.
Үдекке толы үстіртім, қан жалаған қасқа жол,
Келді ме қайта кеткенің?!..
Толды ма орны ерлердің, бесқару қайда белдегі,
Қарусыз қаңбақ ел ме еді.
Ақжарма күйді тартайын, ағытып сырдың түймесін,
Ақ жаңбыр күйім сел ме еді.
Алашқа біткен бұл күйді, Алланың өзі берген-ді,
Атасы күміс зерден-ді.
Сазға да толы сандығым, айналсаң мұны таппассың,
Шеңберлі қара жерді енді.
Маңғыстау ғана туады дəл мұндай күйдің төресін,
Өрнекті күйдің өресін.
Етегі жайлау мекенім, екі де көзде бір бұлау,
Күй болып боздап келесің.
* * *
Жайнаған жарық күннің самалы ма,
Жел қанат жыр біткен-ді қаламыма.
Керелеп кезіп жүрмін жалғаншыны,
Үңілдім ғасырлардың аранына.
Тулаған, турап түскен көрінгенді,
Дүние өзің жайлы не білгем-ді?
Сүйретіп өткендердің елесі жүр,
Ағытып үш байлаған кебіндерді.
Самал боп, сағыныш боп, жел келіп жүр,
Жел жемсеп жер түбінен ел келіп жүр.
Кеткен соң көзден жарық, жаннан тұрақ,
Рухы ұлы көштің сенделіп жүр.
Өтеді көз алдымнан сан ғапылдар,
Қол беріп қоңыр көшке жалғасыңдар.
Келеміз сыңар аяқ соқпақ пенен,
Артта өрт, ал, алда ма, алда сын бар!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу