Өлеңдер ✍️

  08.05.2022
  573


Автор: Сабыр Адай

Ұмытты олар

Қарқылдайды ала қарға, сұм қарға,
Ал күліңдер, кімдер құзғын, кім қарға.
Қой сияқты қоңыр еті қоңсыған,
Қораңызда қойдан жуас біз барда.
Қой болған соң қоңыр кеште жем болмақ,
Қасіретке қара көзі тең болмақ.
Өз Отанын өліп-өшіп кемірген,
Өңкей ұры енді қалай ел болмақ?!..
Қайран елім сенің көзің жылаулы,
Ұмытты олар ұлттан оны сұрауды.
Сен əзірше тірі жүрсің аяқтай,
Аяқасты ұят көріп құлауды.
Құламашы, сəл шыдағын, құлама.
Өрт ішінде өлі кезең бұл ара.
Өлме енді өрт ішінде шыдап бақ,
Құлаған жан қайта сосын тұра ма?!..
* * *
Шаншылып көк найзағай көктен келді,
Ойқастап ойран қылды тепсең белді.
Шалғыны шаршы топтың отқа оранды,
Ақ жалын жалмап жатыр жеткен жерді.
Етегі елпілдеген күйікті қыр,
Өзгеше өрттен ыстық күй ұқты бір.
Кемсеңдеп келер жылдан бақ күтіп тұр,
Құдайға қолын жайған сүйікті құл.
Бір Алла қорған болсын пендесіне,
Қол жетпес Тəңір-Хақтың бермесіне.
Мысалы: өмір – жасыл, өлім – жасын,
Кім кепіл тас төбеңнен келмесіне.
Жан Алла, жамағатты сақта Құдай,
Жақ дейді қашаннан да аққа Құдай.
Құдайға мың да шүкір бұйырған дəм,
Ақ адал маңдай термен тапқаным-ай!..
* * *
Ер көңілі езіркеу,
Жар көңілі жабырқау.
Жанның да мұнар көшкіні,
Жаныштап бітті естіні.
Білгеннің көзі жылаулы,
Өлшеулі өмір, сынаулы.
Білместің жүзі жарқын-ды,
Қайғысыз қайтсін халқыңды.
Білгеннің күні құрысын,
Тарылып бітер тынысың.
Білмеген жандар бақытты,
Бақ іздеп алға асықты.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу