Өлеңдер ✍️

  08.05.2022
  194


Автор: Сабыр Адай

Қандасым

Өз елім деп келген екен, өзім деп,
Сарғайған ғой төзім жеп.
Енді қайтсін туған елге жетті ғой,
Бір жыласын, мауқын бассын, езілмек.
Қан жүрегі қанша жылап ер жетті,
Қолы жетпей қанша асыл ер кетті.
Қанша жанның қалды сонда қимасы,
Өксік өртеп жанға азар бермек-ті.
Жұбанбайды үнсіз ғана тұр қарап,
Не көрмеді бұл қазақ.
Бірін-бірі сүймеген ел бақытсыз,
Қызың да жат, ұл да жат.
Өз қаның ғой жылап аққан жылғадан,
Қашан сені аяп еді бұл ғалам?!
Қандасымды жаман десем, жат десем,
Жақсыларын берер сонда кім маған?!..
* * *
Маужыраған күзгі талдың сұлбасы,
Көл шетінде, жалғыз ағаш бір басы.
Қиын екен қасқа талдың тағдыры,
Жоқ екен бір, сырласы.
Желмен бірге жеңін түріп жылайды,
Ес көреді жалғыз күн мен бір айды.
Енді өмірі қалды екен қаншама,
Ерке тал да құлайды.
Орман еді көл жағасы көк тал-ды,
Көктей шапты көп талды.
Бұл да созып айбалтаға мойынын,
Өлейін деп оқталды.
Ажал оны таңдамады, тастады,
Алып кетті қатар-тең мен басқаны.
Жалғыздық пен буып тастап тал бойын,
Қорлаған кім, қасқаны!?




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу