Өлеңдер ✍️

  08.05.2022
  124


Автор: Сабыр Адай

Бабамды көрген теңіз дүр

Көгілдір қанат көк теңіз,
Жағалап жүрміз текке біз.
Кемерлеп жарды кестелеп,
Толқынын тоқсан дестелеп,
Салып жүр мырза, бектер із.
Ағытып төсін ай қарап,
Ақ төсін айға сайламақ.
Күрсініп келіп бассалмақ,
Көз жасын сүртті қай қазақ?!
Сұңқылдап ұшты қасқалдақ.
Сұр мерген көрсе бассалмақ.
Қара бауыр-қара бұлт,
Айтарын бүкті аспан жақ.
Толқындар жылап солқылдар,
Жыласа теңіз қорқыңдар.
Бабамды көрген теңіз дүр,
Бар болса Құдай болсын жар!
Қайғысы судың басым-ды,
Ашуға мінді ашынды.
Сол бойда шайнап тастады,
Сорғалап келген жасынды.
Еркелік қылар кімі бар?
Ер болсаң тілін біліп ал!
Жағаға келіп көп пенде,
Жарасын сығып шіріді ал.
Теңіздің жаны сіріден,
Түңілген білем тіріден.
«Адамбыз!» – деген жандардың,
Адалдық күтпес бірінен.
Толқындар қашып жөнелді,
Көк балдыр үзіп көгенді.
Ай құшақ
Салып сүйердей –
Адамнан теңіз не көрді?!..




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу