Өлеңдер ✍️

  08.05.2022
  180


Автор: Сабыр Адай

Қазақпын ғой

Қазақ деген ел едім мен, асылмын!
Асылдардың білер бірақ бəсін кім?
Топқа түскен тұлпар сынды тегінде,
Тектіліктен мүсінімді жасырдым.
Тарихымды таразылап көр менің,
Білерсіңіз тұрғандығын өрде кім.
Өркениет, ғылым-білім, кісілік,
Менің салған ғасырларға өрнегім.
Мен жатырмын ұлылықтың түбінде,
Көзді жұмып, сөзді бүгіп күбінбе.
Жер астында том-том болған кітаппын,
Жер үстінде көрінбейтін бүгінде.
Ай бетінде арманым бар нұрланған,
Күн бетінде күміс найза ұл қалған.
Бұлт пен бірге көшіп бара жатырмын,
Көп дұшпаным қолын созып құр қалған.
«Мен Қазақпын!..»
Желге біткен қанатпын.
Таңмен бірге тұлпарымды жараттым.
Кеңістікпін!.. Келешекпін!.. Кемеңгер,
Жігерлімін, таусылмайтын талаппын!
Қазақпын ғой,
Қалы кілем, ақ басқұр,
Ұл-қыздарым дала тектес асқақ кіл.
Ат дүбірін ұран қылған ұрпаққа,
Ұлы жолға ұлы тұран бастап тұр.
Қазақпын мен,
Саф алтынның сынығы,
Маған қара, көргің келсе ұлыны!
Көкті жарып жерге түскен тамшымын,
Махаббат пен мейірімнің тұнығы.
Қазақпын мен,
Ғарыштардың қақпасы,
Иба-əдеп, имандының тақтасы.
Жер жұмағын көргің келсе мені көр,
Неге керек сөздің артық басқасы.
Бабам маған бар мекенді қалдырды,
Қансырады, сосын қанша таң күлді.
Сүйгендіктен жаным күйіп жыр жаздым,
Қайран елім қанды өзекті талдырды.
Жатсам-тұрсам жаным шөлдеп деміктім,
Жанарымнан жұлдыз жырды теріп түн.
Сенен басқа сүйерім жоқ Туған Ел,
Сені жырлап өту үшін келіппін.
Қазақ деген халық едім қыранмын,
Қырға біткен қырық қабат шыдаммын.
Күллі əлем күліп тұрып шырқайтын,
Бірлік атты, достық атты бір əнмін!
Қазақпын мен, гүл қауызы шықтанған,
Елін ойлап, ер бойынан шыққан жан.
Қызғалдақ боп мендік тарих көктеп тұр,
Қара көздің қарашығын сыққаннан.
Сенен басқа сүйерім жоқ серігім,
Сүйе-сүйе күлбіреді ерінім.
Сені маған тұра ала ма сүйгізбей,
Жырдан мұңды, күннен нұрлы елібің.
Жастанайын əр тасыңды мамық қып,
Өз ұлыңды өгейсіме танып күт.
Менің аппақ жүрегімнің құбыласы,
Келем сені темірқазық бағыт қып.
Адаспайын,
Адастырма жан-телім!?
Сен қаласаң əз жанымды ал тегін
Жүрегімнің əрбір тамшы қанында,
Қуаныш пен қасіретің бар сенің!
Дұға қылдым,
Хақтан тілеп қамықтым,
Жандым-күйдім, жан күйзеліп арыппын.
Саған деген махаббаттан өртеніп,
Өлең деген дертке міне шалықтым!..
* * *
Сұлу екен,
Қарашығым қарықты.
Көңіл ұқты, көңіл сырын жар ұқты.
Мына сұлу қайда барса сол жұмақ,
Мейлі, тіпті, мекен қылсын тамұқты.
Жұпарын-ай гүл шырынын сіңірген,
Жын жетелеп, көбелек боп жүгіргем.
Көз қамасты,
Сөз адасты, жаңылдым,
Енді оны сұрамақпын кімімнен?
Оймен кезіп от көседім шарладым,
Ой-хой тірлік мені қанша алдадың.
Қырау мұртқа қылаң сақал ұйысып,
Өткен күнді талдадым.
* * *
Шалқыдың, шарықтадың есіңде ме,
Желкенін жел тоздырған есіл кеме.
Өмірдің толқынымен көп ойнадық,
Қарамай сəскеге де, бесінге де.
Мен содан ғайып болдым бір күндері,
Қаншама жыр бүрледі, қыр гүлдеді.
Жел болып келіп едім, бір жапырақ:
Жаным-ау, сені күтіп тұрмын – деді.
Жас парлап қара көзің тұнжырады,
Қиялап ақша беттен жыр құлады.
Жүрек боп жанарыңнан шыңғырып тұр,
Жаныңның жалындаған шын құмары.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу