Өлеңдер ✍️

  08.05.2022
  124


Автор: Сабыр Адай

Әз жаным - әсем гүл бақша

Тағдырдың бұл да айдауы,
Ғазиз де басты байлауы.
Жаралы жырды ұшырды,
Жанымның жазғы жайлауы.
Қаңқылдап қаз боп барады,
Қатарға енсе жарады.
Қайырлып ұшып төбемнен,
Моншақтап көзі қарады.
Қауырсын қатты, жыр ұшты,
Тəңірім берген ырыс-ты.
Күн артына күн салып,
Бұл өмір солай жылысты.
Қаз-қанат жырым жөнелді,
Жүрекке мұңын шөгерді.
Қауырсын қанат бір тал гүл,
Жанымнан тағы көгерді.
Гүлімді кімге берермін,
Жұпарын жырдың себермін.
Тылсымға тамыр салдырған,
Құдайдан басқа шебер кім?..
Тамыры тылсым бағым бар,
Мұнарлы мұңды сағым бар.
Əз жаным – əсем гүл бақша,
Əлдилеп жырмен алыңдар!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу