Өлеңдер ✍️

  08.05.2022
  128


Автор: Сабыр Адай

Айғырдың ажалы

Шашау шықпас үйір алды бар айғыр,
Құлыныңды қарай жүр.
Жол үстінде жоқ деп пе едің дұшпаның,
Жолды бағып талай жүр.
Кісінейді құлақ жарып жарықтық,
Мал киесі, анық құт.
Төрткүл елге төрден тұрып көз салды,
Құз басына барып тік.
Шіренеді ата басы тарпынып,
Шырын байтал шыр айналды алқынып.
Үйір үркіп не ойлап тұр білмеді,
Іштерінен тартынып.
Көп қарады көкті кезген қыранға,
Екі жолдың енді бірі тұр алда.
Аманат қып бір бəйбіше биеге,
Құлындарын кетті құздан құларда.
* * *
Жəудіреп отыр жан жүректерім, жан халқым,
Тамыры бірге талдансың.
Тағдыры бірге армансың,
Тал қармап жүріп, талай зауалдан қалғансың.
Жалғансың өмір, жалғансың.
Кеудеңнен жаның үзілсе, кемді күн сосын самғарсың.
Күле сал, қалқам, күле сал,
Өмірдің бəрі күрес, ал,
Шықпаған жанда қайғы көп, дегенмен бір сəт алдансын.
Алданған жақсы шаттанып,
Адалға қыдыр, аққа құт,
Күле сал, жаным, күле сал, жүрмегін мұңға тапталып.
Тəттісің өмір, балдансың,
Сезімге сенім ұя сап, септесіп бір сəт жалғансын.
Қол жетпес биік, заңғарсың.
...Армансың!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу