Өлеңдер ✍️

  08.05.2022
  99


Автор: Сабыр Адай

Құйылмақ солай көзге құм

Жоғарыда аспаным,
Ортасында қара жер,
Жер астында қара көр,
Үш өмір де, үш ғайып,
Ажал ғайып – алған соң,
Дидар ғайып – кеткен соң,
Несіп ғайып – өткен соң.
Ғайыпты тастап шалдарым, ғарышты кезіп жүрсіз бе!?
Періште көңіл кірсіз бе?!
Атажұрт қалды
Ендеше,
Саңырау менен тілсізге.
Санамның керең құлағы,
Сан айтсаң да ұқпаспын.
Ой тұрақтар зерде жоқ, жанарыма жұқпас мұң.
Соқыр көзге бəрі бір,
Береке кетіп, құт қашсын.
Қайратсыз болса – ашу тұл,
Тұрлаусыз болса – ғашық тұл,
Шəкіртсіз болса – ғалым тұл, – деп зарлаған Абай да,
Соқыр мен саңырау қарай ма!?
Ол күндегі – он надан,
Бұл күндегі – мың надан,
Абайды сүйсе сабай ма!?
Жан тəттісі – Иманнан,
Мал тəттісі – жиғаннан,
Жар тəттісі – сүйгеннен,
Халық айтты қаладық, үш тəттіден алалық,
Алғанның несі жаңалық!?
Хақты ойласаң бере біл,
Кеудеңнен анау кеткенше, кесімді күні жан алып.
Ырыс, бақ, дəулет кімде жоқ,
Оның да болар сұрауы,
Елге келген Қыдыр-ды, ерге малды құрауы.
Ұйқы, тамақ, күлкі арсыз,
Жігіттің бір сəт құлауы.
Бұрыннан қалған қағида,
Азамат болмақ – бесіктен.
Балапан ұшпас қияға, мезгілінен кешіккен.
Кəне, қайда,
Кімің бар,
Атадан қалған мұраны, арымен мөрлеп бекіткен?!
Қалам алды даналар, қалдырды бізге сөздерін.
Босатпайды, мінеки, мақтан құмар өз демім.
Рəсуа жалғаншы-ай!..
Құйылмақ солай көзге құм.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу