Өлеңдер ✍️

  08.05.2022
  114


Автор: Сабыр Адай

Елеусіз ұлда арман көп

Опынып ойдан шаршадық, кеш кемел де, таң шалық.
Кім жазар жырдың жалғасын?!
Ешкіге біткен сақал мен мүйіздің құны қаншалық,
Отарды қырып алғасын.
Ауылдың іші мың күбір, сыр аңдысқан сырғақтап,
Үміттің шоғын үрлемек.
Елеусіз ұлда арман көп, ескінің жырын жүр жаттап,
Оны да біреу күндемек.
Көк бас серке бұл жолы оралмады өрістен,
Құр қалды байрақ, туынан.
Қойдың көзі азайды, қойшының көзі боз-бұлау,
Маңдайын ұрып суыған.
* * *
Нұрлы кітап, жырлы кітап, көп кітап,
Ой орманын орап алар от құсап.
Ал содан соң
Өзегіңді өртейді,
Жүрегіңе түсіп кеткен шоқ құсап.
Еңкілдейсің, елжірейсің жын қағып,
Заман өтер көз алдыңнан ырғалып.
Шындық іздеп шырқыраған дəуірдің,
Шырмауынан қолын созар жыр налып.
Дүниені, сан ғасырды шарлаған,
Үн қатады, ақ парақтан бар ғалам.
Тұңғиыққа бара жатыр сүйрелеп,
Сөресіне қаштым қойып жалма-жан.
Ер болмасаң ен парақты ақтарма,
Тап боларсың асу бермес шатқалға.
Төрде кітап, босағада мен тұрмын,
Дұға қылдым даналарға жатқанда.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу