Өлеңдер ✍️

  08.05.2022
  105


Автор: Сабыр Адай

Кірпігі оның боз қырау

Көңілді көрген кімің бар, жағасы жайлау көл сынды,
Кетірді менің көркімді.
Көмейі құрғап ес танып,
Ер мұңайып, ел сынды.
Азаптың бəрі көзінде, қазақтың бəрі шөл сынды.
Базарлы көлде сайран жоқ,
Барады өмір майдан боп,
Босаға тимей ұлына, дұшпанның орны төр сынды.
Шырыл да торғай, шыр қақты,
Бір тамшы қанда жыр жатты,
Торғай да тағдыр ел едік, өлтірді, ойбай, өлтірді!..
Көңілді көрген кімің бар, боз бота сынды боз бұлау,
Кірпігі оның боз қырау.
Бодан да болған заманға,
Сөзімді бекер создым-ау.
Бүр жарып едім сəл ғана, жап-жасыл күйде тоздым-ау.
Орманың ойсыз қалғыған,
Қандай ем енді бар бұған.
Күресін болған күздегі, жапырақ сынды сөз мынау.
Қалғиды сана есінеп,
Нар қомында көшіп ек,
Ұлтының жайын көрмеген, ұйқыдан іскен көз мынау.
Оятар мені қайсың бар, көзімді ашып үйреткін,
Бұйдасын жаттың сүйреттім.
Қалғыған күйде жатсын деп,
Ұйқыны маған үйреттің.
Елімді қалай сүймекпін!?
Күлкілі мендік тірлікке, қарайды көктен күйреп күн.
Таң атты бірақ тұрмадым,
Тұр десе басты ырғадым,
Ай қадап кетті басыма найзасыменен түйреп түн.
Оятар мені қайсың бар, көзімді ашып үйреткін!?..
Атажұрт анау ақ бесік, қарайсың жолға не тілеп,
Ауыл тұр анау жетімек.
Жел үрлеп көрді санамды,
Аранның мынау шеті деп.
Айдамай түсіп аранға, құлауға біз де бекіп ек.
Даланың өңі күл сынды,
Көзіне жас кеп іркілді.
Етегі елпең қалаға, ауылды тастап кетіп ек.
Жусаны қырдың жоғалған,
Жоқ жерден жауға тоналған,
Төс етін жатыр құзғындар бір қарап сосын екі жеп.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу