Өлеңдер ✍️

  08.05.2022
  142


Автор: Сабыр Адай

Өз төріңді қадірле

Айдың көркін күн біледі сен емес,
Күннен басқа тең емес.
Өз шарғаңнан өріс тауып қам қылғын,
Елес қуған ер емес.
Жел базарлап ақ қанатын сыланар,
Қауырсынын сұрап ал.
Өз туыңа тұғыр жасап мерей қыл,
Ту түбіне тұра қал.
Шың басында шынар барын білгенмін,
Сұрамақсың кімнен құн.
Өз биігің асқар ала айбының,
Босағаңнан кірген кім?
Аяласаң өз төріңді қадірле,
Осы сөзім кəміл ме?
Өз төріңде бақ-береке қыдыр бар,
Өзің бірақ білесің ғой бəрінде.
* * *
Кеудені кербез жыр қысып,
Көрінген жерден гүл құшып,
Бұлбұл да жырым бұлағай,
Бұрқанып көкке тұрды ұшып.
Айды да берсең тербеттім,
Күнді де берсең өрлеттім.
Именбей бастым алшаңдап,
Иесі мендей жер-көктің.
Шалқыған шалқар жырданбыз,
Қыдырға қоныс қырданбыз.
Таңдайдан дəмі кетпейтін,
Татқан да жанға бір дəмбіз.
* * *
Түн бесіктеп, ай бағам,
Жарты əлемді жайлағам.
Батыр сынды жатырмыз,
Бес қаруы жайраған.
Нар қомында жыр кетті,
Жар көзінде сыр кетті.
Ала таңнан шу қылып,
Қара тағы кім кетті?!
Жүк ауған күн керексіз,
Ер сүрінбес себепсіз.
Аз ғана күн бой салып,
Жайқалған біз терекпіз.
* * *
Айтылмасын өкпе-сын,
Бұрқанып бура шөккесін.
Аунаса бура өз жері,
Аяғы тиіп кетпесін.
Əр нəрсеге негіз бар.
Ерге де серік егіз бар.
Бұтына тығып бураның,
Басыңызды неңіз бар!?..
Ақ көбігін шашып жүр,
Аңқасын желге ашып жүр.
Аунаса бура өз жері,
Аяғы тисе қашып жүр.
* * *
Жапырақ жасыл, күн күміс,
Сырласқан жанға түн біліс.
Жаныңды жанып шуаққа,
Қанағат қыл да, жыр ғып ұш.
Алтыннан асыл кемері,
Табан ет, маңдай тер еді.
Бақыттың баян бесігі,
Бабамнан қалған жер еді.
Жаратқан Хақтың жарлығы.
Даламның тау мен нар құмы.
Атамнан қалған мұрам-ды,
Осынша бақтың барлығы.
* * *
Қауызын жарып тірліктің,
Бүр күттім жаннан жыр күттім.
Жапырақ күннен шық тамды,
Жаныммен ұрттап қылғыттым.
Бал-шырын гүлдер жоғалды,
Баянсыз өмір сол əлгі.
Ақ түсіп қара бұрымға,
Ай менен күнге тоналды.
Жан едік жақсы із көрген,
Қайдасың гүлзар қыз керуен.
Қолаң шаш соңғы сонау жыл,
Қоштасып кетті біздермен




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу