Өлеңдер ✍️

  08.05.2022
  107


Автор: Сабыр Адай

Қос қабырғам бірге сынып кетердей

Бұлақ көрсең – қазақ көрдің тұп-тұнық,
Шырақ көрсең – ол да соның сəулесі.
Дала жатыр байтақ елін ұқтырып,
Жүрегінде көп шүкірлік, тəубесі.
Тауды көрсең – менің халқым еңселі,
Көлді көрсең – менің шалқар көңілім!
Көктем келді – қаз бен үйрек келсе еді,
Ол да менің шат-шадыман өмірім!
Шыңға барсаң – шын арманы жұртымның,
Құзға барсаң, алыс емес аспаным.
Жанартаулар – жан шуағы ұлтымның,
Жел тербейді, ел толғайды дастанын.
Шолпан жұлдыз, темірқазық, үркерім,
Мерейімнің көрсетеді асқағын.
Жұлдыздармен менің асыл бір тегім,
Көкпен көшіп, құстарға жол тастадым.
Даңғыл көрсең – ұлы көштен мені көр,
Жаз жайлаған, жанның таза мөлдірі.
Жерін сүйген, елін сүйген Серілер,
Түмен Түрік, алты Алаштың өндірі.
Бір сағыныш, мың арманмын шаршыда,
Ақбөкеннен алдым жолдың үлгісін.
Қарай-қарай бабам кетті артына,
Бізге тастап ет жүрегін бір қысым.
Туған елді баба-жүрек тербетпек,
Бал береді, уыз қатып жырлайды.
Арманына елі менен Ер жетпек,
Елі барда шегер енді кім қайғы?!
Ел тірегің – бар бақыттың ордасы,
Аман болсын алашымның бөбегі.
Алашымды – Тəңір-Алла қолдашы,
Атажұртым – əз жұмаққа төр еді.
Білімді бол, бірлік жеңер сайысса,
Туған елсіз ер бақыты бекердей.
Жалғыз жусан жат қолында майысса,
Қос қабырғам бірге сынып кетердей.
* * *
Ақ шағылға, аппақ сағым ілесіп,
Сай қолаттан сайран көңіл тұр өсіп.
Кез құйынның жылдам екен саусағы,
Арқан өрмек, құм есіп.
Атамекен алты қырдың патшасы,
Қажеті жоқ алтын сарай бақшасы.
Құлын болып құлдырайын мен де енді,
Ауыр ой мен қалың мұңды тасташы.
Елдің қамы берен қылыш ер ісі,
Туған елге ердің байрақ, жеңісі!
Өзіме бер, өзім ғана сүймекпін,
Жүрегім ғой, бұл Маңғыстау, менікі!
* * *
Тастап келген киіксіңіз қай белді,
Дəл қасыма ару емес, ай келді.
Шалқар шабыт шаттық көңіл дос-жаран,
Іздегенге сұраған жан сай келді.
Ақ балтыры ақ қайыңды шеттетті,
Біздің көңіл бек кетті.
Сусын шалық сұрқай сері ер едік,
Шарап келді, шаратабақ ет жетті.
Содан соң ба?! ...Таң асыпты белгісіз.
Ауырған бас, қос бүйірден келді сыз.
Арғы жағын арулардан сұрарсың,
Менен басқа не білмексіз, енді, Сіз!?..
* * *
Аққу іздеп «аһ» ұрады сыңарын,
Кімдер осы махаббатты жоқ деген.
Сен де қалқам ағыл-тегіл жылағын,
Ойнай бермей ішке салып от пенен.
Жыла жаным көз жасыңды бұлақ қыл,
Махаббаттың тал-құрағы сімірсін.
Босап алшы, бордай езіл жылап бір,
Сосын қалғып, кірпігіңіз ілінсін.
Көз жасыңмен бір жуып ал көңілді,
Қасірет пен қайғысынан тазарсын.
Сүй бірақ та жарық күн мен өмірді,
Аттай берсең асқар шыңға барарсың.
Тағдыр да сол бір Алланың жарлығы,
Өзгереді мəңгі емес ештеңе.
Сүйе білген жүректердің барлығы,
Бақыттырақ жалғыз ғұмыр кешсе де.
* * *
Періште емес пендеңізде мін болмақ,
Жан шыңғырар, жақ ішінде тіл қоздап.
Ым-жымы бір халық қана ұлт болмақ,
Ырылдасқан иттен басқа кім болмақ!?
Ниет бірге, жүрек бірге, намыстым,
Үнсіз ұғып, тілсіз жүріп табыссын.
Ордаңызда ортақ мүдде болмаса,
Егіз туған ер болсаң да алыссың.
Көздеріне қалам қылып кірпікті,
Қарашығын түртіпті.
Бата қалды, бақ тарады, сөз арзан,
Көп халықты көзсіз надан құртыпты.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу