Өлеңдер ✍️

  08.05.2022
  187


Автор: Сабыр Адай

Алтын ұям

Сен менің алтын ұям шамшырағым,
Сəулең боп тамшыладым.
Өмірдің өзің бердің жан сусарын,
Көктегім, көк зеңгір мен ғарышдағым.
Бүр жарған бұтағыңнан бүршік едім,
Арманым ең, ақ уыз күлкім едің.
Көргенде мектебімді алтын ұя,
Көзімнің жасын сүртіп іркілемін.
(Бүр жарған бұтағыңнан бүршік едім.)
Тебіскен тай-құлындай мектебім-ді,
Көремін сені көрсем өткенімді.
Жетпегенім өз мінім жалғандағы,
Сенен ғана іздеймін жеткенімді.
Сезім қалды бұл жерде, сағым қалды,
Сағынады сол күнді жаным мəңгі.
Қайран өмір қайтейін қатты екенсің,
Саған пенде бəрібір бағынады.
Тыңда мені біткен жоқ əнім əлі.
Есімде сол күндердің бəрі-бəрі.
ІІ
Ұстазым, ұстазым-ай ұлы даңғыл,
Жанымның саған айтар сыры бар бір.
Шəкірт боп дегеніңді жасар едім,
Келмейтін қайта айналып ғұмыр-ау бұл.
(Ғылым ба?!..Ғылым деген шыңырау бір.)
Алтыным, алтын ұям, жұмақтан нұр,
Аумайсың алтын өзен бұлақтан бір.
Түнекті түріп тастап жол көрсеткен,
Шашылған сəуле сынды ұзақтан бір.
..Жұмақтан нұр!
Көзімнің қарашығы, жанашырым,
Кім білер сенен артық бала сырын.
Мен сені сүйіп туғам шаранамнан,
Себебі, мен ұстаздың баласымын!
...Дара шыңым!
ІІІ
Қайнарлы білім бұлақ , зəмзəм дедім,
Шуағың нұрдан зият, таңнан керім.
Тылсымның тынысынан лəззат алғам,
Тал бойым тұнып тұрған арман менің!
...Самғар көгім!
Сен деген сағынышсың алтын бесік,
Ер шығар есігіңнен халқым десіп.
Келеді саған қарай алғыс айтып,
Шашу ғып жұлдыздарын бар түн көшіп.
...Алтын бесік!
Кеш мені алтын бесік, ұлағаттым!?
Қол жайып мың кешірім сұрамақпын.
Кеш білдім қадіріңді алтын ұям,
Мен де бір бүршігі едім мына бақтың.
...Кешірім сұрамақпын!?
* * *
Жол ақысы жүрген екен, ал жүрдік.
Сөз ақысын шырын төлеу бал қылдық.
Жол шетінде жалғыз мола, жалғыз үй,
Кеміріпті екеуін де жалғыздық.
Үнсіз мекен, тілсіз бөтен жандарға,
Үндемеді мен үздігіп барғанда.
Үмітінен үкі тағып алыпты,
Тұғыр жасап қолын созды арманға.
Жалғыз үйдің үміті зор əлі де,
Қыс қаһарын тіккенменен кəріге.
Шүметегі шүріппедей шолтиып,
Қара бала қарап тұрды бəріне.
* * *
Ескі керек білу үшін жаңаны,
Жаңа керек жамау үшін ескіні.
Бұл тірліктің қос жағалау танабы,
Міне, солай кескіні.
Жаңаны біл, таңдап алып қарағын.
Ескіні біл тамырыңнан адаспа.
Жарқырайды жаңа күн,
Жарық қой деп жанған отпен таласпа.
От сөнеді жаңа сосын күл болмақ,
Ескінің де елмен бірге құндысы.
Жаңа таңсық жас өрендер жүр қолдап,
Тарих болса – ұлт қуаты, ұл күші.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу