Өлеңдер ✍️

  08.05.2022
  127


Автор: Сабыр Адай

Жыр-тұлпар

Тер қатты ма
Тұлпарым?
Жарғақ тоным бар менің жауып көрсем бола ма!?
Көңіліңіз тола ма!?
Неге көкке
Көз тігесің дүлдүлім,
Қара жерден ыңғайлы ма сол ара?!
Тұлпарым-ау,
Жалықтың ба,шабыстан?
Ала байрақ, қара байрақ, көп байрақ,
Өмір-дүбір,
Өтті күндер, өтті айлап.
Сəтті күні
Есеп алар жалғаншы,
Сағат тілі тоқтай қап.
Қайран Тұлпар,
Ентігеді қара тер.
Олжасына иесі мас, есірік,
Мақтанып тұр дəрежесін өсіріп.
Есіл тұлпар
Өлді ақыры тер қатып,
Ит пенен құс жеді сосын көсіліп.
Есек пенен
Жабы біткен күлісті:
«Осы ма деп оза шауып көргенің»,
Енді, əрине, тұлпар күткен ерде мін.
Жырдан қанша
Алып келдім
Мен бəйгі,
Жамылайын тоным қайда, бер менің!?..
Ит пенен құс
Біздерді де аңдып жүр.
Омыртқаңды онға бөліп кемірмек,
Кім айтты, сол, ақын болу жеңіл деп.
Сөз атасы –
Майқы биден сұраңыз,
Өле білу ол да бақыт елім деп.
Өлеңім тұр,
Құйрық-жалы күмістен.
Жүрегіммен, бауырыммен жылыттым.
Сақта-сақта жыр-тұлпарды ұлық күн.
Кісінейді
Көкке қарап
Ол да, əне,
Кілтін сұрап құлыптың.
Таң мəзірі – Тəңірден,
Не болары Хаққа аян жігіттің!..
* * *
Ұстаттым қылыш ұстадан, кесілгір мынау кескек жыр,
Еселеп кеспей не істеп жүр!?
Екі де көзде бір бұлау, есесі кеткен қан жүрек,
Еңбегім менің еш деп жүр.
Ұстаттым қылыш ұстадан, желменен жемсеп суардым,
Жең түріп енді туар кім?!
Нар қомында жыр қалды, жоқтаулы көзде жас бар ма,
Қан шықты көзден суалды.
Нар шөгеріп жүкті алар, нар ұлдар қашан туар-ды!?..
Қаптаған қара дүрмек тұр, қазақ па мынау, бұлар кім?!
Нар қомында жыр жазып,
Көз жазып қалған шығармын.
...Бұлар кім?!..
* * *
Қазбауыр бұлт боз төбеге айналды,
Қарай-қарай қалтарыста ай қалды.
Үркер үркіп бір қуысқа тығылды,
Бір зобалаң байқалды.
Түн суыды қар қаптады жеріңді,
Ер маужырап қарауға да ерінді.
Мұның өзі үш ай тоқсан басы деп,
Кəрі серке мүйіз жанып керілді.
Бүрсеңдеді таң асырған торғайым,
Туған елдің торғайында қорғайын.
Сорлы торғай менен басқа кімің бар,
Сен өзің де білесің ғой ол жайын?!
* * *
Таң нөсерлеп ақ сəулесін ақтарды,
Аққа жуып бақтарды.
Ақ тілегін нұрға шайып ұмсынған,
Қайта көргім келеді сол шақтарды.
Айға жұлдыз серік болып жарқырап,
Бақ гүлдейді уыз нұрға малтып ап.
Еріндерін қызыл гүлдің күн сүйді,
Аш белінен тартып ап.
Қалтырайды, діріл қағып, көп гүлдер,
Күнді сүйіп, арманыма жеттім дер.
Аман болсын ауылымның ақ таңы,
Ақ сəулесін жырлайтұғын тек, тіл бер.
(...Бегім-бикеш, шаһзадалы, Бек күндер.)
* * *
Мұражайда мұралар тұр қан-қатты,
Көзінде жас, көңілінде шаң жатты.
Періштесі тіл қатады кім білді?!
Кіл қызықтап жүрген жанбыз бір күнді.
Еріндерін көп шайнаған қара мұң,
Біздер жайлы не білдің дер қарағым!?
Не білейік, білгізді ме біздерге.
Санада көз болмағасын іздерге.
Жел желкемнен үзбе деді үмітті,
Үмітсіздік өлтірер деп жігітті.
Қара тасқа қайрап алып жанымды,
Жырлап өтем сорың менен бағыңды.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу