Өлеңдер ✍️

  08.05.2022
  109


Автор: Сабыр Адай

Ер Гөкленді аңсадың

Мақтымқұлы гөклен қайда, гөкленің?!
Қайғы айтқаның қапаланып неткенің.
Мен өзімде өкпелімін заманға,
Осы болды жеткенім.
Мақтымқұлы ер гөкленді аңсадың,
Шерттің шерді, шемен ойды тамсадың.
Тағдырыңды Түрікменіңнен бөлмедің,
Көңіліңде кетті сенің қанша мұң?!
Мақтымқұлы гөклен қайда, гөкленің!?
Онсыз сенің келмей қойды көктемің.
Менде жүрмін сайғақ санап моладан,
Ерен қылыш, ерлерімді көкседім.
Гөклен қайда таптыңыз ба бабасы,
Көңіліңнің басылды ма сабасы.
Мен де жүрмін ұран күтіп, ұл күтіп,
Ұлттың солай таусылды ма шарасы.
Мақтымқұлы гөкленіңді жырладың,
Мен де жырды үмітпенен сырладым.
Сыншыл ақын, міншіл ақын жөнелер,
Сен аман бол, туған елім, қырларым.
Тынышпын мен, тұнжыраған көлдеймін,
Күн туысым, көкке қарай өрлеймін.
Қазақпын Мен сексеуілмен тамырлас,
Өртесең де, шапсаңдағы өлмеймін.
Мақтымқұлы жан күйіңді сезіндім,
Келмес енді кемел күннен шегінгім.
Мен көтермей кім көтерер көк туын,
Қазақ деген қасиетті Елімнің!..
Мақтымқұлы сенің үнің шамшырақ,
Таңдайыңнан сүйген болар таң шылап.
Топан суға тоғытып ап жырымды,
Өзімді-өзім өрге жүздім қамшылап.
Мақтымқұлы маған жақын қайғыңыз,
Сары дала, кəрі мола, айлы күз.
Бұлт боп көшіп бара жатсың төбемнен,
Шың басына дастарханын жайды құз.
«Ұл сүйінсін, ұлтын ойлап зар болсын,
Жүрегінде Тəңір аты бар болсын»
Екі халық қазақ-түрікмен ер туған,
Ер халыққа енді құдай жар болсын!
Деп тіледің, мен де соған тілекші,
Дау тұқымын, жау тұқылын кім екті!?
Ер туған ел екі халық дос-тамыр –
Бірге түріп шыға келсін білекті.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу