Өлеңдер ✍️

  08.05.2022
  119


Автор: Сабыр Адай

Адаммын дейсің

Адаммын дейсің ал жақсы,
Арыңның бетін шаң басты.
Ісіңіз қандай бар жақсы?!..
Ашылды əлем етегі,
Ойнадың біраз жетеді,
Шындық пен шырғал қалжасты.
Түңіліп сенің түріңнен,
Дүние іздеп жүгірген,
Шегініп орман, тал қашты.
Жауызға дауыл жалғасты.
Ындының сенің тоймады,
Ырқыңмен шайтан ойнады.
Құрлық пен құрлық соғысып,
Қан төккен күнін тойлады.
Ұймаға батты бойлады,
Ұятсыз-арсыз ойлары.
Жасынан көздің бақ іздеп,
Жасырын жүріп тақ іздеп,
Көсеуге шоқты көрсетті,
Көбірек қанын ағыз деп.
* * *
«Елміз» дедің, сосын, мен де «ел» дедім
Соны айтқан сен бе едің?
Шапан киіп, бата алғансың білемін,
Көп кешірдім, көкірегім кең менің.
Қаһарлансаң опырылып жер түсті,
Ел көзіне қайғы қатып, шер түсті.
Саған сеніп келем еріп ізіңнен,
Кешіп өтіп Еділ менен Ертісті.
Ой-жасаған!..
Мырзалығың тым бөлек.
Бізге осы бұйырғаны жыр демек.
Қара мысық қалғып отыр ойланып,
Ошақ түбін іргелеп.
Мен де қалғып қоса қабат мүлгідім.
Сырын білер кім мұның?!
Есінеумен өтті менің өмірім,
Құдай өзі білер-дағы құл мұңын.
* * *
Жетектей бер біз бұйдалы түйеміз.
Жердегі Сіз-Иеміз!
Күліп тұрып айта білсең өтірік –
Жылап тұрып өзіңізді сүйеміз!..
Біз тауыстық бұл көңілдің шарасын.
Не дегенмен дарасың.
Ағажан-ау, алдың тұман, артың шаң,
Қайда алып барасың!?..
Мезгіл қандай?..
Таң ба, түс пе, сəрі ме?!
Адасып жүр жас, жасамыс, кəрі де.
«Қайда алып барасың» – деп қақсаумен,
Келер жердің келіп болдық бəріне.
Мың адасқан жолаушы едік,
Жолы жұт.
Қалдық көштен қол үзіп.
Үркер болып көшіп кетті аспанға,
Көңілдегі толы үміт.
Үш ай тоқсан, үркеріміз шалғайда,
Оны білер шал қайда?!
Қарияңыз өз қорасын көрсетіп,
Дей береді мал қайда?!
(Мал құрыды.. Онша емес, хал-жай да.)
* * *
Қара шалдың бір қайғысы
Кер үлек,
Мақтайды жоқ теңі деп.
Бір тұмсаны қосты əкеліп қасына,
Осы еді бір кемі деп.
Тұмса білді бұл жүрістің мəнісін,
Өмір сүрді кер үлек пен шал үшін.
Адамдардың түсінбеді бірі де,
Туған жанды мал үшін.
Бір келеге ана болды тұмсасы,
Кер үлектің жоқ, сірə да, құлтасы.
Бірді біреу түсінуге келгенде,
Адамдардың малдан төмен ынтасы.
Шал өлгенде,
Тұрды онсан нар жылап,
Зар дауысы құлағымда қалды ұзақ.
Өмір бойы бірге жүрген достары,
Күліп тұрды ал бірақ.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу