Өлеңдер ✍️

  08.05.2022
  124


Автор: Сабыр Адай

Сырт көз

Қашанда достан тілек, жаудан жарақ,
Мал бағып несібесін сауған қазақ.
Көзіне көк аспанды
Қонақ қылып,
Қонысын күн жаңартып ауған қазақ.
Ақ бота,
Желі құлын,
Көген қозы,
Ақ шұбат, құнан қымыз, саумал қазақ.
Сталиннің мұртындай –
Бір қара бұлт,
Манадан тұр көз алмай таудан қарап.
* * *
Ақ қанат жырым, ақ парақ,
Құлайсың тəй-тəй аттап ап.
Арулар сені мақтап жүр,
Алқымы мамық, ақ тамақ.
Көгершін жырым, көктегім,
Айтады саған өкпе кім?!
Жүрегім менің – жұмыр жер,
Жеті қат жырды сөкпегін.
Аспанмен туыс бұла жыр,
Құласаң көктен, құла жүр.
Мұқала қоймас дегенмен,
Мұң айтып өскен мұнар ұл.
Шарғаңды біл де шаптықпа,
Не жетсін салқын сақтыққа.
Біздегі намыс – отты өлең,
Өлесің отқа бас тықпа?!
* * *
Кінəліні іздеушіміз əлі біз,
Кінəліміз шындығында бəріміз.
Оған куə жанымыз бен тəніміз.
Ақылдымыз өзгелерді сынағыш,
Жалғыз ескек, жамау желкен, сыңар іс.
Шындығында ақыл бізден тым алыс.
Өкпеліміз шыдамаймыз шыртылдап,
Екі иықта періштеміз тұр тыңдап.
Табалауға шеберміз-ақ жырқылдап.
Өзімізді кешіргіш-ақ жандармыз,
Кешіп-кешіп кенжелеп-ақ қалғанбыз.
Талапсызбыз, бірақ таудай арманбыз.
Сан қиялды жастап алып қалғыған,
Сенің биік ұшарыңа бар күмəн.
Білетінің «білем» деген жалғыз əн.
Тылсым əлем тырнағын да жасырмақ,
Білген елдер жоқ іздеп жүр ғасырлап.
Елге қара етегіңнен басыңды ап.
Кінəліні іздеушіміз əлі біз.
Шындығында кінəліміз бəріміз.
Оған куə жанымыз бен тəніміз.
* * *
Ақтылы қойдай төбешік,
Алдымнан менің өре шық.
Жабырқау көңіл мысалы
Момақан мола, көр есік.
Аңқасы кеуіп шөлдеген,
Көр ішінде көлденең,
Шейіттер жатыр ыңырсып,
Шемені қоздап өлмеген.
Бабамнан қалған алтыным,
Бағзының зауал-зарпымын.
Құлының едім Маңғыстау,
Құрсауда жүріп тарпыдым.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу