Өлеңдер ✍️

  08.05.2022
  177


Автор: Сабыр Адай

Алаш

Бұл да бір,
Ақ берен бе, көк берен бе,
Мұндай ер өткен тарих, көп көгенде.
Желіден құлын көрсе басын шапқан,
Кермеден өлген өтіп, өтпегенде.
Қызыл қан
Қылша мойын, көкмайнақ-ты,
Жау аңдып, жер бетіне көп қоймапты.
Нарлардың жанын алып
Тік тұрғызып,
Қайтесің бармақ шайнап, өт қайнапты.
Өт қайнапты,
Өксігін жұтқан тұлып,
Салыпты жүрек тұрған тұстан құлып.
Ту жасап терісінен
Ұлттығыңның,
Тау жасап сүйегіңнен ...Стан құрып.
Зəр қатып санамызға, ділімізге,
У жетті ұраны жат түбімізге.
Біз сонда
Ұзақ жылдар өліп қалдық,
Ал, қазір тіріміз бе!?..
Білмеймін!..
Өлгендердің біріміз бе?
Өлген болсақ
Неге біз, мал-жандымыз,
Үңіліп өліктерге таң қалды құз.
Біз бұрын:
Ұлтпен өлшеп ғұмыр кештік,
Ал, қазір ақша дейміз – жалғанды Біз!..
Қызыл сөз,
Қызыл жала, Алаш Орда!
Қаңқасы қансырайды қара сорда.
«Қазаққа тойдым» – дейді ажал байғұс,
Сонда да талас көрге, талас орға!
Алаш тор да, Алаш сор да, Алаш Ор-да!
...АЛАШОРДА!
Ол Алаш баяғыда өткен Алаш!
Ажалды өзі барып өпкен Алаш.
«Өз иттері» жабысып
Сіңірінен,
Сілкілеп қызыл қанын төккен Алаш!
Бүгінгі Алаш:
Ертеңгі жоқтауымыз.
Бір жыласақ мүмкін бе тоқтауымыз?
Ал, жақсы,
Шыдамдымыз, Біз – мылқаумыз,
Мылқауды да заңды ма, соттауыңыз!?




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу