Өлеңдер ✍️

  08.05.2022
  137


Автор: Сабыр Адай

Үш ырыс

Жақсы ой – ширек ырысың,
Жақсы сөз – жарым ырысың.
Жақсы іс – бүтін ырысың.
(Тылсыммен бірге тынысың.)
Үш ырысты сүйген жан
Қуантады Алласын!
Үш ырысты іздеуден
Ақыл-ойың талмасын.
Таза ниет жүректен
Үш ырысың бүрлейді,
Тілегіңді періште Тəңіріңе жалғасын!
Үш ырыспен нұрландыр
Жан бақшасы гүлденсін.
Шақыра біл бақытты
Бал пернесі тілге енсін.
Сен өзің де содан соң
Сəуле шашып жүресің
Қусаңдағы кетпейтін,
Құтқа айналар іргең шын.
Тəтті арман, үмітің,
Айналады шындыққа.
Тұрғызбайды қайғы-мұң,
Қапияда бір жықса.
Хақтан сұрап қайыр күт,
Кедергіні жолдағы
Кемелдікпен сырғыт та.
Сырғанасын, сырғысын,
Жолдан кетсін кедергі.
Маңдайыңды тасқа ұрып,
Жылағанда не берді.
Сырлы сарай көңілің
Сұлу болсын күннен де.
Қалай болса қалауың
Солай тағдыр білгенге.
Алла бəрін көруші
Жəне шексіз шебер-ді!
Күлді сүйген – көмілді.
Күнді сүйген – көгерді.
Шер-шеменді ұмытып,
Қуанайық, кел, енді!
* * *
Қалы кілем қара нарға мап болды,
Бір азғантай, мақтау-мадақ бақ болды.
Желкесінен пышақ қайрап тұрса да,
Көңілінен қайғы-уайым жат болды.
Көп күлісті, көп əңгіме жаңғырды,
Түнді түріп босағадан таң кірді.
Пəленшекең сөйлеп жатып кетті деп,
Ауыл-үйді суық хабар шаң қылды.
Кімнің қандай маңдайында сызық тұр,
Қалағанын ажал апам үзіп тұр.
Қатар теңнің барған емес біреуі,
Адам деген қызық бұл.
* * *
Жалғыз ердің аты шықпас жаһанда,
Жалғыз ерді кім қосады қатарға.
Айға сеніп басын салар базарға,
Күннің өзі ұясына батарда.
Жалғыз ерге жан шуағын төге біл,
Сен білмесең, ол білмесе сөнер ұл.
Жақсы жалғыз қалып қойса обал-ақ,
Жан біткенге көңіліңді бөле жүр.
Ер мұңайса, ел бағыттан жаңылар,
Рəсуа болса қайдан табылар.
Ел байлығы – ер жігіттің ниеті,
Сол халықтың бағы бар.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу