Өлеңдер ✍️

  08.05.2022
  154


Автор: Сабыр Адай

Киелі түс

(М. Мақатаев түсіме енген таң)
Жұмақ қой жаның кəусар сыңғырағын,
Сыңғыра, сырлы өзен, жыр бұлағым.
Поэзия-пырағым амансың ба,
Аққу мойын қайшылап тұр құлағын.
Мұқаң болып
Жаныма періште кеп,
Мұнар болып содан соң бұлдырадым.
Дүлдүлім-ай, пырағым, кермедегім,
Жыр оқып дүлдүліме бермек едім.
Жаныңның жайлауынан
Жұмақ көрдім,
Жүрегіңе салып ап тербеп едің.
Ізіңнен шырақ жаққан
Құлының ем,
Жан отыма жылыншы сенде менің!
Сергек едің, сенделген шерден едің,
Сенімім мол, серттескен ерге менің.
«Күпі киген қазақтың қара өлеңін»,
Қайта зерлеп, қастерлеп берген едің.
Сен күрсінсең
Дүние бірге жылар,
Табан ет жəне аппақ терден едің.
Жалынмын, жанған оттан арылмаспын,
Санамды сары жібек сағым бассын.
Бар əлем бауырыңа сыйып тұрған,
Сайраған сандуғашсың, қарылғашсың!
Ақ қарсың, ақ бас таусың,
Хан Тəңірі,
Дəл сендей жанартау боп жарылмас шың.
* * *
Күндерді қара, күндерді.
Түндерді қара, түндерді.
Аманат жанын кім берді,
Аллалап тағы кім келді.
Қарашы түріп іргеңді.
Сахардың таңы атты ма?
Қарасы түннің батты ма?
Біреуге соры жолдасы,
Біреуге мəңгі бақ мұра.
Несібе бұйрық тағдырын,
Тəңірден əркім тапты ма.
Шешімі солай Иеңнің,
Шерлене берме жақсы ма?
* * *
Гүл берейін, атқан таңға гүл бердім.
Жарқыраған іргем күн.
Менің жаным қауыз жарып бүрленіп,
Жырға айналып жүргенмін.
Сəулесін-ай,
Атқан таңның ақ мамық,
Жүрегіме нұры сіңді, бақ дарып.
Күн дидарын көз бен ішіп алған соң,
Ай қарады ажарыма сақтанып.
Күлкім менің,
Күнге айналған пəктігім,
Жарық күннен, жалғаншыдан тəтті кім?!
Өмір жайлы жыр жазамын тағы да,
Сəулелі таң сəтті күн.
* * *
Ерді көрдім,
Елге сүйеу жалын-ды,
Сонадайдан сұңқар көзге шалынды.
Па, шіркін-ай тусаң ту деп ел-халық,
Ақыл-естен жаңылды.
Таңдайын-ай!.. Туды екен қалай, кім!?
Ақ маңдайын күміс күнге балаймын.
Иесі ғой адам таныр жан болса,
Алтын тақты сарайдың.
* * *
Ақ сəулесі ай көзінен мөлтілдеп,
Түн үңілді өз қолыңмен өлтір деп.
Таңнан қашып тастап кетпек тағы деп,
Ай мен түнді жатты жалғыз көл тілдеп.
Ай қамалды бұлт ішіне кілттеніп,
Түн сейілді атар таңнан жіктеліп.
Шырын бұлттар шауып өткен тұсынан,
Кəрі айғыр-тау оянды тіктеліп.
Тау тұлғасын таң мүсіндеп жаңарды,
Түнге жарық батыр деді қараңды.
Бозторғайға боз ала таң дем беріп,
Айтып жатыр бар əнді.
* * *
Осы күшік оқсатады талайды,
Неде болса біздің ит қой жарайды.
Қалтамызға басын тығып үңіліп,
Қолдарымды жалайды.
Осы бəле жемқор болып жүрмесін,
Байқасын ел, жүре қарап күлмесін.
Сырттан болмақ енді бұған қайдан-ды,
Сүйек-саяқ жинап өмір сүргесін.
Бөрі көрсет бөлтірігін жемдеймін.
Мынау ит қой ар-ұжданы кем деймін.
Елге күзет, малға құтпан дейсің бе,
Мақтамашы!?.. Осы итіңе сенбеймін.
Қарғы тағып шекіреймек көп күшік,
Ғұмыр нама жазып алған тектісіп.
Өңкей күшік ырылдасып жүргенде,
Бар жиғанын қара мысық кетті ішіп.
Бұл неғылған тоқтығы жоқ тобыр-ды,
Сезген көңіл, көреген көз қорынды.
Қабыртқаңды омыртқаңнан сөкпей жеп,
Итке сенсең қайнатады сорыңды.
* * *
Арғымақтың шабысын-ай, шабысын,
Тұяғы мен толғап келді дабысын.
Белден асты, елден асты, жел-жүйрік,
Бермеу үшін намысын.
Арғымақтар, міне, солай өледі,
Тербетеді сосын оны жер өзі.
Текті туған жануар ғой дерегі,
Оған намыс керегі.
Жұлдыз болып ағып өтті кермеден,
Нені білдің!?... Хабарлысың сен неден!?
Арғымақтар жеңіс үшін туады,
Жарысады желменен.
* * *
Сөйледің аға, сөз бердік,
Сенімен бірге өзгердік.
Бастасаң қайда аттандық,
Ағамыз бар деп мақтандық.
Бəрі де шындық деп көрдік,
Келмейді аға тектен құт.
Біз деген өзі аңғалмыз,
Оранып отқа жанғанбыз.
Күл десең күлдік, жыладық,
Шүкірлік қылдық шыдадық.
Қимадық аға жаманға,
Аудардық бəрін заманға.
Солай да-солай күн өтті,
Жүректі уайым жүдетті.
Уəденің арты болмады,
Антыңыз қайда сондағы.
Ағалар кетті алыстап,
Біз қалдық түнде шам ұстап.
Мен өзі тұрмын қай маңда!?
Кемедей қалдық қайраңда.
Адаспа жаным сен менен,
Көрерміз бірге елменен.
* * *
Оранып ап көк бүлдірген көктемге,
Сығалайсың терезеңнен өткенде.
Бұйымтайшыл ер көңілі аруға,
Неге қаштың қолым əрең жеткенде.
Төстеріңнен көктем бүрі бүршіктеп,
Терезеңді телмеңдейсің сүртіп кеп.
Ақын байғұс жырға айналар ақ парақ,
Сөзбен зерлеп кірпігімен жыр түптеп.
Сен күлесің көктем болып жымиып,
Мен қараймын батар күндей қиылып.
Періштеге айналасың содан соң,
Жүрегіме жыр жазуды бұйырып.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу