Өлеңдер ✍️

  08.05.2022
  105


Автор: Сабыр Адай

Қара бие

Құлын екен күміс тұяқ, алтын-ды,
Кім біледі нарқыңды.
Шабыс тілеп кісінейді тектім-ай,
Иесінің қабағы тым салқынды.
Бітпес жанға біткен екен асылым,
Жандың-күйдің, шұрқырадың, жасыдың.
Жыл өткен соң тулақ болды терісі,
Ал иесі жалап отыр қасығын.
Қайда барсаң əділетсіз бөлісің,
Тарылады, таусылады өрісің.
Қара бие тағы туды дүлдүлді,
Бірақ енді бəрібір ғой сен үшін.
Дір-дір етті енесіне тығылды.
Ол да сосын қанды қолдан жығылды.
Жабы тусам жаны қалар бəлкім деп,
Қара бие қара айғырдан шығынды.
* * *
Қанағатсыз ындын көрдім терең-ақ,
Ала бермек одан түйе, сенен ат.
Ит көзіне – бұл дүние қу сүйек,
Иесіне жілік майы керек-ақ.
Жыр оқып ем күбір-күбір күлісті,
Безіп кетті, жыр ұшты.
Таңқы ниет тарылтып-ақ барады,
Ұлтқа біткен тынысты.
* * *
Жеп біткен-ді жүйкем менен етімді,
Өлең жаздық содан енді не тынды?
Жыр найзағай күміс бұтақ, қара бұлт,
Қара көздің қан тамыры секілді.
Нөсерлетіп, сел қаптатып, тасынды,
Тау толқындар тауға барып асылды.
Жүрегімді жүз періште ұрлап ап,
Келер күннің кеудесіне жасырды.
* * *
Алтын əдіп, қызыл барқыт киінген,
Батар күнге сүйінгем.
Асық атсам алшы түскен кездерім,
Күміс сақа иірген.
Бір сыз алып бара жатыр бүйірден,
Жүрек ысып күйінген.
Жалғыз тал тұр үкісіндей арудың,
Адасқан мен жол асқанға иілген.
Күн маңдайы күреңітті, қызарды,


Қонақпыз ғой біз əлгі.
Шаңқай түстің көлеңкесі өзгеше,
Батар сəтте жанталасып ұзарды.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу