Өлеңдер ✍️

  08.05.2022
  381


Автор: Сабыр Адай

Анамның үні

Жан тілегім, жан шуағым, көгершін.
Көгерерсің, мамығыңды төгерсің.
Төрт құбылаң
Түгел жыр мен өлең-ді,
Сенің көзің содан басқа не көрсін?!
...Өлеңсің!
Бал құлыным, бағым менің, бөбегім.
Бір тыныс ал, қалғыды ма өлеңің?!
Маңдайыңнан бір сүйейін жан ботам,
Мен өзіңе өмірден де шөл едім.
Құлынымның естіледі жыр-үні.
Анасына болса болды құлыны.
Өлең қуып бара жатыр өртеніп,
Қазағымның қара көзді бір ұлы.
Бұла күннің тұлымы,
Омыртқамның жұлыны.
Көп қарадың, көзің талып қарықтың,
Қарғам менің сонша неден тарықтың!?
Ту сыртыңнан тұрған анау барып кім!?
Жаным қалмай қамықтым.
Жамыратып көгенінен көңілдің,
Қошақанын қоңыр жырдың ағыттың.
Шырақ жағып күзетіп тұр алып түн.
Еркелетіп əн-бесікпен тербейін,
Көбелегін өлең деген шалықтың.
Алтын арқау жарықпын.
Көгершінім!.. Көбелегім!.. Бөбегім!
Құтты болсын, Қыдыр баққан өлеңің!
Тəңір өзі жаздырады ақынға,
Жыр құндаққа жүрегіңді бөлегін.
Жүрегімсің бүлкілдеген, бүрлеген,
Көзімді ашсам күнмен бірге көремін.
Бөбегім!..
Бөктер асып кетсем дағы шалғайға,
Сені тербеп кету үшін келемін.
Бөбегім!..
Бөбегім!..
Көз қуаныш, жан шаттығым Сен едің.
Бөбегім!.. Бөбегім!..
Құтты болсын Қыдыр баққан өлеңің!
...Бөбегім!
Ертең тағы ертелетіп келемін.
Жырдан уыз беремін.
* * *
Ұл өсірді, қыз өсірді қанықты,
Өткіншісін адам білді, жан ұқты.
Анау жанның қабағы тым салыңқы,
Мына жігіт егделеніп қалыпты.
Əр кеудеде бір-бір арман, күдік-ті,
Не боларын пенде қашан біліпті.
Бір демдік кеш, түс тағылым, таң үміт,
Қақпақылдап доп қылады жігітті.
Əрі теуіп, бері теуіп даң қылып,
Дүниені домалайды шаң қылып.
Елесіңді ел ұмытып əп-сəтте,
Жоқ қылады, азғантай күн бар қылып.
Барлығыңа сенесің бе, барсың ба?!
Өмір мəңгі ойсыз, мұңсыз, зарсызға.
Əке кетер ұрпақ қалар сол даңғыл,
Жүк қалмайды жол үстінде нарсыз да.
* * *
Ақ самалым, ағып өткен, ақ нұрым,
Көздеріңнен көрем сенің бақ құнын.
Күлген жақсы аз тірлікте орнымен,
Ортаймасын бала-майса шаттығың.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу