Өлеңдер ✍️

  08.05.2022
  147


Автор: Сабыр Адай

Түн басты

Көкжөтел болып күркілдеп,
Көрінген тауды бір тілдеп,
Аруана бұлттар
Көшіп жүр,
Ақ ботасы үлпілдеп.


Боз мамықтай боз жүні,
Аспанның ақ бұлт тозғыны.
Ата да жұрттан адасып,
Алты да қырдан озды үні.
Төбешік жатыр күңкілдеп,
Төрімді берер кімсің деп.
Төбе де, бұлт та жоқ болды,
Түн басты бəрін біртіндеп.
Осы ма сонда жеткенің!?
Өш пенен тұрған кек пе едің!?
Таласып күнге жүргенде,
Түнді ұмытып кетпегін.
* * *
Түйе жүн шекпен екен жамылғаны,
Түйдек сөз, өлең екен сағынғаны.
Елесі естен кетпес дəуренім-ай,
Ол да бір аққан судай сағым-дағы.
Жұпары жусандының мастандырды,
Төгеді төрге моншақ аспан жырды.
Қасқаның сыры берік, ділі қатты,
Киесін қына басқан тастан қырды.
Тарихын ақтарады сұғанақ жыл,
Көз жасын көптен зият бұламақ жыр.
Дəмелі əлде неден дəруіш қыр,
Ырсиған қабыртқасын құрап ап жүр.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу