Өлеңдер ✍️

  08.05.2022
  141


Автор: Сабыр Адай

Хақ берді

Жан қақпасын қағып кірген кім жаным,
Өзіңсің бе сырғалым?!
Көздеріңнен тамшылап тұр көрдім мен,
Көк жаңбырға есе бермес жырларым.
Ақтылы қой аспан кезген бұлттарым,
Маңырайды, маңыстайды ұққаным.
Жыр иесі жүрегімнің төрінде,
Таң асырған құтпаным.
Шың басынан езу тартып күн батты,
Күн басымен жүрегімді тыңдапты.
Інілер мен ағалардан аманат,
Іздеп келем бір бақты.
Қыдыр жетті, қырсық кетті, бақ келді,
Қара өлеңді Хақ берді.
Сөз атасы Майқы бидің елінде,
Өзіме сай орын берді, тақ берді.


Өлеңсіз тірлік болар ма!?
Сарқылмай ақсын сол арна.
Қазаққа біткен сауап бар,
Өлеңге біткен обалда.
Шер-шыңырау шығыр-ды,
Шығырдан байғұс ығыр-ды.
Халалдан болған қара нар,
Ыңырсып барып жығылды.
Ала бұлт торлап аспанды,
Ауылға дауыл бас салды.
Қара нар жырдың көзінен,
Кірпігін бойлап жас тамды.
Жүректің тұсын сыз еттім,
Жасайды нарға ізет кім!?
Шығырдан нарды босатып,
Шырағын жағып күзеттім.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу