Өлеңдер ✍️

  08.05.2022
  168


Автор: Сабыр Адай

Енді, Жар бол, Бір Аллам

Жал-құйрығы жібек пе, ақ парақта құла жыр,
Құлагер тағдыр бұ да бір.
Шыңырауда мен тұрмын, шың басында өлең тұр,
Бұл неғылған бұла жыр.
Шұбалаң құйрық шұбарым, көмейі қоңырау күміс-ті,
Құлан да танау тынысты.
Қаламым найза, халық жыр, қаптың суы шабытым,
Қаратау бізден ығысты.
Күйме тартсам күреңмін, күйге бассам «Адаймын»1,
Пернемде жатыр талай мұң.
Көкмойнақтың құлыны ем, үркерден саяқ шығып ап,
Маңғыстауға қараймын.
Ат дүбірі тұяқтан, ер дүбірі намыстан,
Найзаласып алысқан.
Құйыны бөлек құла түз, мұнартып қанша тұрасыз,
Ай шығынып үркінді,
Ақындар салған дабыстан.
Кірпігі найза кер құла, кемелге келген жыр-дағы,
Ашылар оның бір бағы.
Тұяғы болат құрғырдың, шабыссыз күні жоқ білем,
Тұсауға салсам тұрмады.
Таңдайын таңға тілдіріп, оқыранып тынбайды,
Сыбызғы самал сырнайлы.


Қамыс та құлақ қасқаның, қолтығынан үрлейді,
Ел жайлы айтып бір қайғы.
Жал-құйрығын күн тарап, шаршыға шықты шамырқап,
Жасырмақ болдым жаным сап.
Дұға қылдым содан соң, Құдайдан тілеп құлаға,
Білгенімнің бəрін сап.
Қос жанарын төңкеріп, батар күндей қызарған,
Жал-құйрығы ұзарған.
Ордаға жапқан жібектей есілді жырым есілді,
Енді жар бол, Бір Аллам!?




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу