Өлеңдер ✍️

  08.05.2022
  217


Автор: Ұларбек Дәлейұлы

Балық қиссасы

Жұмақтың деміндей бұл Шығыс аңызын,
Есімді шақырдым ерініме тамызып...
Кержағал өлімнің соңынан жол алған,
Керуендер ізімен өмірге оралған.
Топан су зауалын мың жылға шегерген,
Ізгілік мұраты о, неткен өлермен!
Бір минут үнсіздік!
Суалған жанардың,
Бір минут үнсіздік!
Су алған ғаламның.
Көркі үшін және де көктем мен күздердің,
Ақ жаңбыры өшірген көмескі іздердің.
Құрметі үшін деп құрсақта аунаған,
Сәбидің үмітін санамен қорғаған.
Иллахи жазбадай жоғалған бір беті,
Қазірше осылай адамзат құрметі.
Тозақтың алқызыл жалыны лапылдап,
Дәл осы сәтімдей жауапқа шақырмақ!
Бір тамшы көз жасы!
Мейрімді һәм ізгі,
Сол оттан құтқарып алатын тәрізді.
Табаның астында күрең түн кісінеп,
(Сені ажал себепсіз босатсын тісінен).
Бір тамшы көз жасы!
Азалы һәм мұңлы,
Көпірден тосатын сияқты алдыңды.
Қу жаным сен үшін,
Құрбандық жиғаным,
Кешірсін тек қана Паруардигарім!!!
Ізгілік мұраты!
Белгілі тозбасы,
(Дәлелдеп жатпаймын оны енді өз басым!).
Құтқарып кетсе тек, Ахирет сотынан,
Жүзіңнен сырғыған бір тамшы көз жасың…




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу