Өлеңдер ✍️

  08.05.2022
  72


Автор: Ұларбек Дәлейұлы

Бақидағы Нәзилла

Әлем картасын жасаушылардың ойына да кірмейтін таулы қыстақтың
шығысын ала орын тепкен топ қабірдің шетінде, сырқат сәбидей мұңлы жүзін
ауылға қаратып Нәзилла қыздың шағын мазары тұр. Ақ қар астында...
Жапырақша жауған қарды кешіп бір,
Аппақ ұлпа тұмандарды тесіп қыр.
Сәл ескірген қабіріңді қақ жарып,
Жалғыз шыбық көкке ұмтылып өсіп тұр.
Туған мекен,
Мұңлы мекен бұл дала,
Жалғызсырап құлазиды мұңдана.
Желден өзге жебеуі жоқ жетімнің,
Жанашыры күн ғана.
О, Нәзилла!
Наз айтар шақ бұл емес,
Сен туралы сөз айтар шақ бұл емес,
Қасіретімді азайтар шақ бұл емес.
Батқан күнді нұсқап тұрып мен саған,
Айтар болсам сағынышым түгемес!!
Иен бақта бұрынғыдай жоқ әнші,
Тонапты оны мезгіл дейтін тонаушы.
Біздің сонау-у иесіз жұртты бетке алып,
Кетіп бара жатыр жалғыз жолаушы.
...Қарай-қарай көзден жасы сорғалап,
Тұңғыш көрген немересін тонға орап.
Мен аттанған алыс қырға көз тігіп,
Анам отыр жол қарап.
- Сағындым ғой,
Қайда жүрсің жүгірмек,
Ұмыттың ба, бүгін туған туған күнің-деп.
Құшпақ болып маған қарай ұшады,
Шыбын жаны шыбын боп.
О, Нәзилла!
Таудың бұлты сенделіп,
Көктерекке дауыстайды мен болып.
Көк дауылдың көкірегін қарс айырып,
Рухың жүр көктемдерге өң беріп.
...Дәл осылай түс көрдім мен таң алды,
Азан дауысы тырнап ескі жарамды.
Түркістанға төпелеп тұр аппақ қар,
Еске салып сенің жетім молаңды...
Неге кірдің түсіме?!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу