Өлеңдер ✍️

  08.05.2022
  78


Автор: Ұларбек Дәлейұлы

Алматы жолдары

Масаңдау ақынның елесін аңдыған,
Күңгірттеу көшеде есіней қалғыған.
Қалып ең қайғыра қош айтып егіліп,
Арзанқол шарапхана алдынан.
Бірімен қоштасып, бірімен қауышып,
Түңіліп, торығып, жыр оқып жарысып.
Жұтты да әкетті жалынған үніңді,
Даңғаза достардың даурыққан дауысы...
Соңыңа соңғы рет имене бұрылып,
Ақ жаңбыр ішінде кеттің сен жүгіріп.
Көзіңнен тамшы жас сырғыған бокалды,
Тұрдым мен үн-түнсіз сіміріп.
Есімде әлі сол Алматы жолдары,
Есімде сол күннің өлімдей салмағы.
Есімде және де қайыршы кемпірдің,
Алдымда дір қағып қаусаған қолдары...
Шарапқа суарып, сағынышқа ораған,
Жалғыз-ақ қорғаным еді бұл қалада,
Табытпен қоштасып тұрғандай қамығып,
Құлазып қалды үнсіз ол шарапхана да.
Ал қазір ол маңда мен жоқпын,
жоқпын мен,
Жаралы құланмын сауырын оқ тілген.
Уайымыңды арқалап, қайғыңды қалталап,
Мың жылда келместей қайғырып кеттім мен,
Ұнату, жек көру дегеннен
Мүлдемге шайлығып кеттім мен!
Қаптаған адамнан өзімді ап қашып,
Обадай сарылып ой қуып кеттім мен!
Басылған тағдырым секілді табанға,
Шылымдар жатты өшіп,
Сол қапты санамда.
Ең соңғы шарапқа жасымды тамыздым,
Ең соңғы вагонда...
Бұл ұлы Даланың ерініндей кезерген,
Сол күндер елесін тек мұңмен кезем мен.
Сен жайлы жыр жазып әлі отыр сол ақын,
Сөзі бар, өзі өлген...
Ұмытқан шығар сол Алматы жолдары...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу