Өлеңдер ✍️

  08.05.2022
  103


Автор: Ұларбек Дәлейұлы

Жоғалған Пырақ туралы жыр

Тәубесіз замандар түсірген әр ізге,
Ұлтымның ұятын ұмытпай бәдіздеп...
Үздіккен үміттер,
Алқынған армандар –
Күрең күн астынан күмілжи тіл қатты,
Тіл қатты!
Аязда арқасы құрысқан Балбалдар!
Бұғаулы бостандық,
Шылаулы қастандық,
(Айналып кете алмай қасыңда біз жүрдік...)
Әкемнің кегімен, Анамның шерімен,
Қош келдің жиырма бірінші жүз жылдық!
Көк түрік жерінде,
Сарыарқа төрінде,
Есілге ентелеп еңсесін тіктеген,
Қандыкөз ғасырлар түсінде күтпеген.
Ғарыштық сәулелер өсінде қайралған сүңгісі,
Ақордам үстінде қалқиды күн құсы!
Даңғаза замандар,
Алдыңа жүгінбен,
Сыр тартам кешеден, бүгіннен.
Адами тілекпен, ақындық жүрекпен,
Бұл дала сөйлейді Абайдың тілінде.
Есімнің ескі бір жолдарын,
Қасымның қасқа бір арманын.
Және де Әз Тәуке жарғысын,
Мансұқтап кете алмас дұшпандар қарғысы!
Ескірмес өлеңім, жоғалмас дерегім,
Мен оған Құдайдай сенемін!
Толағай ел едік...
Күн жүрек, Ғұн атты,
Мені де қанқұмар уақыт жылатты.
Еділден су ішіп,
Елім деп у ішіп,
Византия жазығын жаурындай мүжіген,
Көп іздеп едім мен
Еділдің қасынан Пырақты.
Ен сапар жолында ескірген кіндігі,
Е, аяр тарих!
Түсінер кім мұны?..
Еркіндік жұлдызы жалынан жамырап,
Келер деп күтіп ем бір күні.
Днестр бойында жол тартқан арқырап,
Днепр бойында жығылған қансырап.
Күн асты рухын жетелеп жетер деп
Мың жарым жыл бұрын жоғалған сол Пырақ,
Бұлт асты бозарып, бұз үсті бусанған,
Мезгілдің жүзінде көктеді жусандар...
Мен тартқан жебенің дәмі бар сұп
-суық,
Басы жоқ Кирлер байланған қылшанда!
Санама орнығып,
Сойыма сіңірген,
Қарт Каспий жағасын жағалай жүгірген.
Ошақтай із тастап, ормандай кісінеп,
Сол Пырақ түрегеп келеді қып
-қызыл іңірден...
ІІ
Қағында қунаған,
Сауырында жебенің табы бар құландар,
Һәм Бұланай басында бұлт асты бусанған.
Жан тілін босатып жұбаныш сұраңдар,
Айдың ақ сүтімен көктеген жусандар.
Көктем боп,
Күз болып аунаған ғасырлар,
Қайғымды жартасқа жасырған.
Айбалта жүзінде сырғанап уақыт,
Көгімде көк туым желбіреп
Аруағымды асырған!
Айтарым көп саған,
Атамды жерлеген айбарлы тарих.
Арқанның ізі бар әр кеуде, әр иық –
Сендегі қысасын қынамен жазады,
Көзіне қан ұйып.
Жол тартқан Үрімге,
Жол тартқан Дунайға,
Ер Абылай аңсары – сыбызғы қурайда.
Тағаты тамшылай таусылған,
Һәм қайғысын ұғамыз дауысыңнан.
Замана ізінде табаны тасырқап,
Ілінген бұл ғасыр сенікі жас ұрпақ!
Бүлінген бұл ғасыр сенікі жас ұрпақ!
Отарлық бұғауы үзіліп,
Білегін түрінген
Бұл ғасыр сенікі жас ұрпақ!
Жарты әлем төсіне тамырдай тараған,
Көшпенді даңқына күйіне қараған.
Сатқындар дәуірі сақалдай кесілген,
Менің бұл даламнан қарасын өшірген.
Әнеки, өткен шақ өсінде талаурап жанары,
Санында садағы –
Ер Түрік қағаны қол бастап барады.
...Тұр міне, біздермен еңірей қауышып,
Теңізге құлаған жұлдыздар дауысы...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу