Өлеңдер ✍️

  07.05.2022
  119


Автор: Ұларбек Дәлейұлы

Қанаты күйген Самұрық құс туралы жыр

Халық ұғымындағы киелі һәм алып Самұрық құс жайлы аңызды бала
күнімде Әжемнен естуші едім. Ерлігіне, қасиетіне таңданумен өттім...
Бұл жалған дүниеде Сізді екі адам шын сыйлай алса соның бірі мен
шығармын деп ойлаймын. Сол үшін де сана түкпірімдегі Алып құс жайлы аңызды
жырға айналдырып, өзіңізге арнадым. Қабыл алғайсыз...
Сонау-у-у шаңдақ ғасырлардың бірінде,
Қарт Алтайдың қарлы шыңы түбінде.
Бір Айдаһар мекендепті күн бетін,
Таң қызарса жатады екен інінде.
Түн баласы елге тыным бермеген,
Он күн сайын қыз қанына шөлдеген.
Көктем сайын көлдің бетін сапырып,
Көш жолында жатады екен көлденең.
Жебесінен жел ысқырған Ғұндардың,
Жолына кеп тура қарсы тұрған кім?!
...Көшпенділер бесігінде іңгалап,
Өтін жепті,
түнде туған ұлдардың.
Батырлықтың тозбас күйін күйлеген,
Жебе жыры айдың жүзін түйреген.
Басын тіккен өз ұлтының ары үшін,
Баһадүрлер туады екен күймеде...
Ақ сақалды Ноян тұрып бір күні,
Ақ орданың ерте аштырып түндігін.
Сауын айтып шаптырыпты жан
-жаққа,
Алады деп есілдердің кім құнын?
Бір қарт Ана төгіп көздің сиясын:


– Жақыныңды қалай жауға қиясың?
Бұл сұрыңмен мынау байтақ даланың,
Кеудесіне қалай ғана сиясың?
Деп қаһарын төгіп алып күн жақтан,
Самұрық құстың көрсетіпті ұясын.
Өз сыңарын тастап биік терекке,
Ата Самұрық жеткен екен көмекке.
Ай түбінде ала құстай шулатып,
Аусар қанын төккен екен шелектеп.
Тау бойына ұлы арпалыс орнатқан,
Енді қауіп сейіліпті ол жақтан.
Енді қайтып шуламайтын болыпты ел,
Тыныш қана атып жатты енді ақ таң.
Сол аждаһа сияқтанып беті асқан,
Бізге мұра қалды адамдар ниеті астам.
Самұрық құстың береді айтып ерлігін,
Бізге жеткен аңыздар мен эпостар.
Қорып солай Алтай таудың әр тасын,
Кеткені үшін ерлігімен даңқы асып.
Көре алмапты оны әлсіз сорлылар,
Кескілепті оны уақыт балтасы.
Сан соқтырған сан мың жылдар аңызын,
Ғасырлар тұр ернімізге тамызып.
Бір ұядан шыққан жалғыз бауыры,
Жіберіпті қос жанарын ағызып.
Ата құстың таудай белін идіріп,
Тұла бойын қызулы отқа сүйдіріп.
Қуатынан қауіптеніп және де,
Жіберіпті қос қанатын күйдіріп.
Намыс оты жан өртеген, қаны асқақ,
Сол сатқындар жіберді ақыры аластап.
Сол Самұрық шығады екен түн келсе,
Және ұзақ жылайды екен таң атса.
...Ит өмір бұл,
Ит терісін илеген,
Сатқындықтың қыл шылбырын сүйреген.
Сіздей ердің көріп қалам елесін,
Сіздей ақын туылған сол күймеден.
Аға, сізді шалса және біреулер,
Сол Самұрықты көргендейін күйге енем...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу