Өлеңдер ✍️

  07.05.2022
  86


Автор: Ұларбек Дәлейұлы

Елубайдың құдығы

Ауылдан алыс қиырға жетелейтін шаңдақ жолдың иек астында ақ мұнарға
оранып ескі құдық тұр. Үнсіздігін көктемнен күзге, іңірден таңға жалғаған бұл көне
құдықты ауыл адамдары күндіз болмаса, түнде жиі есінен шығарып алатын...
Ай астында ақ қырауға малтығып,
Қаңтар желі қарашығыма қар тығып.
О, бейкүнә, меңіреу құдық
Мен сені,
Жер бетінен іздеп жүрмін шарқ ұрып.
Уақытқа айырбастап барлығын,
Мен де сендей жаралымын, зарлымын!
Күн астында күңірене жортып өтіпті-ау,
Көктеректен көкке ұмтылған тағдырым!
Үнсіз қыстақ,
Ой түтіні будақтап,
Тыныштықта тұншығатын қыр да аппақ...
...Тыныштығы түрмеленген бір ақын,
Мезгілге енді мекенін де ұрлатпақ.
О, қаншама өкінішті, қайғылы,
(Ол мекеннің қайғысы да әйгілі!..)
Жалғыз құдық жыламсырайды алыстан,
Жалғыз оны жұбатады Ай нұры.
Қалды артымда қатері мол қанды ұшпақ,
Қайғырамын,
Өкінішімді қолға ұстап.
Соңғы азғын ұрпақтарын қарғыстап,
Жер үстінен жоғалуда сол қыстақ.
Асыл рухын өз қолымен пышақтап,
Айбынды ұлдар кетті мүмкін ұсақтап.
Қыл арқанға тапсыруда тағдырын,
Қара кеште қылқобызын құшақтап!
Тым мұңлы үнін алдына алып сол кештің,
Жетім құдық!
Жылай-жылай сен де өштің.
...Онда өлген соңғы адамның мүрдесін,
Жолға апарып жерлемейді енді ешкім!
Тауға апарып жерлемейді енді ешкім!!
...Қош болыңдар!!!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу