07.05.2022
  110


Автор: Ғалым Бисембіұлы ӘРІП

Бибігүл

Бұл өмір маңыз берсек терең болар,
Көңілде көк тасқындай өлең толар.
Қай жерде жүрсем-дағы тірлік кешіп,
Бибігүл – сүйрер алға кемем болар.
Ол менің мәңгі сүйер жаным деймін,
Өтермін бұл ғұмырдан дауыл кейпім.
Бибігүл – жарым менің болса-дағы,
Өзіме етен оны бауыр деймін.
Біз, бәлкім, жүрміз кейде алыс кетіп,
Сөйлейміз кей күндері намыс келіп.
Қаншалық қатты келіп қалғанменен,
Жүректен сезім келер ағыс болып.
Бұл ағыс – менің бүкіл иірімім,
Махаббат әлемінің ұйығымын.
Өмірді өлшеп дәйім өтермін мен
Тағдырдың тұмар етіп бұйырығын.
*
Бибігүл – бұйырмысы пешенемнің,
Аруы – ардақ тұтар көшелі елдің.
Ол мені қолтығымнан жүрсе сүйеп,
Өршіген өр толқындай өсе бердім.
Ол маған асау айдын – шабыт берді,
Үйіме бақ құсындай бақыт келді.
Ару Ол –бал сезімге суаратын.
Жүрегі қанға толы жалынды ерді.
Ол менің - өмірімнің өзегіндей,
Сарқылмас ішкі әлемнің өзеніндей.
Бес күндік мынау пәни тіршілікте –
Мәңгілік мирас етер кезеңімдей.
*
Ғұмырым тәттілікпен өлшенеді,
Бұ Ғалым неге шалқып, белсенеді?
Тәңірім тіршілікті тұрса тіреп,
Болайын үмбетіндей мен сенері.
Пенде едім Құдайыма құлдық ұрған,
Дүние жатыр өтіп ұлы думан.
Мен жүрмін шалқып-тасып, шайқап ішіп,
Бақыттың қанбайтұғын тұнығынан.
Бибігүл дейтін менің бұлағым бар,
Бибігүл десе жүйткір пырағым бар.
Бибігүл десе көңіл босайды ғой,
Бибігүл десе шаттық жыр-әнім бар.
*
Сезімнің дариясына бой ұрайын,
Жүректің әмірін мен мойындайын.
Жас күннен жазмышыма жазылды ғой
Сыланған аппақ ару қайыңдайын.
Ол деген – жарық күннің тұтқасындай,
Тұп-тұнық пәк әлемнің тұнбасындай.
Көргенде оның алтын ақ дидарын,
Төгілер өлең, шіркін, жыр-Қасымдай!
Өмірге келсем-дағы қарапайым,
Дүниеде түкті сезбес баладайын,
Әлдилеп әлі мені келеді ғой,
Баласын жанға қимас анадайын.
*
Бас иіп өтермін мен оған дәйім,
Құшақтар көл сезіммен даламдайын,
Қайда мен жүрсем-дағы кезбе болып,
Қориды қасиетті панамдайын.
Жүректен сезім сел боп құйылатын,
Тәнті етіп ай жүзіне ұйытатын,
Осынау жарық әлем періштесі –
Бибігүл – бақ құсым ғой сиынатын.
Өзінің табындырып пәктігімен,
Жаныма сөнбес алау жақты мүлдем.
Келемін қол ұстасып Бибігүлмен,
Өмірдің көңіл шалқып шаттығымен.
Тағдырым аямады шарапатын,
Төгеді әр күн сайын шапағатын.
Мен жүрмін бақытым деп Бибігүлдің –
Нәркестей жанарының қарақатын.
*
Шошынтар түнек сынды бұлтыменен,
Шағымда қара аспандай күркіреген,
Еріксіз іліктіріп есті алады –
Еліктей екі көздің жылтыменен.
Кезім көп өзім де ұқпай дауыл болған,
Жүрекке жанартаудай жалын толған,
Дос та ұқпас жауым түгіл сәттерімде –
Бибігүл жанымды ұғып қолымды алған.
Мен, бәлкім, құйын ба едім, жасын ба едім,
Қай күні өмірде бұл жасып едім?
Дүрмегін дүрілдетсем дүниенің,
Бибігүл – шабыт алар асыл кенім.
Мен өзім тәтті өмірге масаң ба едім,
Құрықты салдырмайтын асау ма едім?
Мәңгілік он сегізге тұрақтаған –
Бір жүріп Бибігүлмен жасарды өңім.
Кей күні саябырсып сабыр табам,
Күндейін жауар алды дамылдаған.
Сыйлатпай қояды ма сезім-желік,
Сұлуым – Бибігүлдей жарым маған?!
*
Қалайша сөз сөйлейін жорғасынбай,
Жүрем бе тынып іштей қорғасындай.
Аруым – алтын өзен арнасындай,
Отауым – ұлы бақыт ордасындай.
Сезінем өзімді өмір патшасындай,
Бибігүл – сол патшаның ханшасындай.
Жайқалған жапырағым – ұлым, қызымБағымның жасыл желек шыршасындай!
Шыдар ма, шіркін, көңіл шалқып ақпай,
Шабамын, шарықтаймын арғымақтай.
Аруым арқыратса ақыныңды,
Балалар қояды ма балбыратпай?!
Өмірдің ұлы көші – бәйгесінде
Іркемін атым басын мен несіне?
Бос мойын күн кешемін қалай ғана,
Бақыттың қол жеткізіп көмбесіне.
Жазылған жарқын ырыс маңдайыма –
Бибігүл нәр құяды өнбойыма.
Жүректен ағыл-тегіл ағыс келіп,
Саф алтын сөз ұйиды таңдайыма.
Бұл деген махаббаттың айғағындай,
Бибігүл –сарқылмайтын қайнарымдай.
Осындай асыл ару жарды құшқан –
Бар ма жан бұл фәниде бай Ғалымдай?!
*
Ешкімнің қызғанбаймын несібесін,
Көсілсем, достым мені кешірерсің.
Мендейін сүйген болсаң қосағыңды,
Өмірдің бар қызығын сезінерсің.
Ондайда таусылар ма шаттығың да,
Өртеген от сезімнің шарпуы да.
Осынау Тәңір тартқан тағдыр-күйдің
Тынысы – таңдап сүйген аққуыңда.
Ол сені жан-тәнімен сүйсе құлап,
Сүрінсең, бауырыңдай күйсе жылап,
Айнымас артық туған ару болса,
Сезімі секілденген айнабұлақ.
Ол үшін біз тұрармыз тағзым етіп,
Аймалап, аялдармыз бал қыз етіп.
Бар адам қосылсыншы бақытына,
Дүниеден баз кешпейік жалғыз өтіп.
Бағалай білейік те бардың бағын,
Құдайым тауып қосқай жардың бәрін.
Бибігүл екеуміздей қол ұстасып,
Ағайын, баршаңыз да жарқыл қағың.
Жанарда мұңның көлі көлкімесін,
Жүрекке шын ғашықтық өртін берсін.
Айрылмас жұбым болып жарасатын –
Бибігүл – менің үшін мәңгі есім!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу