07.05.2022
  134


Автор: Қорғанбек Аманжолов

Кенесары хан ескерткіші түбіндегі тебіреніс

Астана байтақ басында
Кенекем қонған тұғыр-ай!
Кекілік Сеңгір қасында
Қиылған шәһид ғұмыр-ай.
Тұғырға биік жарасқан
Тұрпатың көзді арбайды.
Ер туған асып Алаштан,
Болмаған саған жан қайғы.
Жан қайғы саған болмаған,
Хан ием, саған ел қайғы.
Халқының арын арлаған,
Рухың да мәңгі самғайды.
Еркіндік ерен желіндей
Есілді бойлап өрледің.
Қайнаған кектің селіндей
Есені берер ер ме едің?
Жалын ұстатпас заманның
Жағасын жыртқан заңғар-ай.
Зеңбірек тұтқан қамалдың
Жығасын жығып салғаны-ай!
Ақмола деген бекініс,
«Абылайлап!» шауып жерледің.
Болса да қанша нөпір күш
Намысты берер ер ме едің!
Жай түсіп, жауын күл қылған
Айналдым сол бір өртеңнен.
Тұғырға сені қондырған
Астанаң өнді-ау сол жерден.
Сары-Арқа сайын даламның
Жауына зауал желіндей,
Серпілген сері санамның
Жадында қалар шеріндей.
Қазаққа біткен намыс пен
Қаһардың қара бұлтындай.
Жақынды барлап алыс пен
Бағасың баба жұртыңды-ай.
Азаттық аңсар жолына
Садаға болған жан-құрбан.
Айналдым
Қазақ бағына
Қиылған сақи тағдырдан.
Хан ием, бірақ қайғы алма,
Алашың барда, сен барсың.
Күн барда көкте, ай барда
Кеудесі көрік көкжалсың.
Тәуелсіз елді жебеген
Тегіңде терең құдірет.
Рухың бар ұшқыр жебеден,
Тағзым еттім мың рет.
Тәу еттім саған, Хан ием,
Тәубемнен әсте жаңылман.
Тілеймін жылап тәңірден:
Тапжылма алтын тағыңнан!..




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу