Өлеңдер ✍️

  07.05.2022
  515


Автор: Ерлан Жүніс

Біздің өлке

Неліктен бізге көктеме ерте келеді?
Өйткені біздің сұлулар ерке келеді.
Неліктен біздің сұлулар ерке келеді?
Өйткені бізге көктеме ерте келеді.
Неліктен біздің еркелер сұлу келеді?
Өйткені оған көктеме жылу береді.
Неліктен оған көктеме жылу береді?
Өйткені біздің еркелер сұлу келеді.
Неліктен ғашық көктеме біздің еркеге?
Өйткені ғашық көктемге біздің ерке де.
Алғашқы раушан бүр жарып біздің өлкеде,
Ең соңғы лала солады біздің өлкеде.
* * *
Сенгем бүгін!
Жаңа күн шуағы да,
Теңіздің толқыны да,
Қараша тұманы да,
Найзағай жарқылы да,
Сәуірдің жаңбыры да,
Таулардың киесі де,
Құстардың тағдыры да,
Жолдардың иесі де,
Таңдардың сәлемі де,
Кешкілік сүйісу де,
Даланың селеуі де,
Кітаптың иісі де,
Ағаштың тамыры да,
Гүлдердің ғұмыры да,
Көкжиек сағымы да,
Қанаттың қыбыры да,
Әлемнің жұмбағы да,
Мәнгілік мұңдары да,
Махаббат құрбаны да,
Сағыныш құлдары да,
Күнтізбе күндері де,
Ғасырлар жаны мұңлы,
Сағаттың тілдері де,
бәрі де бәрі білді:
Жыр жазғым келгендігін!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу